Зардап шеккендердің министрлікке хабарласуы қажет
Жақында Алматыдағы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де студент қыздардың жеке деректері қамтылған «пәк қыздардың тізімі» дейтін құжат тарады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі осы жайтқа пікір білдірді.
Бұған дейін осы жағдайға қатысты Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те пікір білдірген болатын.
Жеке деректерді, әсіресе медициналық сипаттағы деректерді беру заңбұзушылық болып саналады. Біз бұл мәселені бақылауға алдық. Өйткені бұл жерде тікелей заңбұзушылық бар. Кінәлілер қолданыстағы заңнамаға сәйкес жазаланады, - деді ол бүгін Мәжіліс кулуарында.
Одан кейін Цифрлық даму министрлігі де Telegram-дағы ресми арнасына өз пікірлерін жарияланды.
Интернет желісінде дербес деректерді (оның ішінде медицина қызметкерінің құпиясын) тарату бойынша жарияланған ақпаратқа байланысты мынаны хабарлаймыз: аталған жағдайда, Қазақстан Республикасының Дербес деректер және оларды қорғау туралы қолданыстағы заңнамасының бұзылғаны байқалады, - делінген министрлік хабарламасында.
Ведомство өкілдері өздері тарапынан осы мәселе бойынша түсінік беру үшін жоғарғы оқу орнына сауал жолданғанын атап өтті. Сондай-ақ зардап шеккендерді министрлікке хабарласуға шақырған.
Көрсетілген тізімдерде сіздің дербес деректеріңіз болған жағдайда, кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін заңбұзушылық бойынша материалдарды қоса бере отырып, министрлікке тиісті өтінішпен жүгінуіңізді сұраймыз, - делінген хабарламада.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өкілдері де өздеріндегі «пәк қыздар тізімінің» қайдан шыққанын түсіндіріп, оқу орнында алдын ала ішкі тексеріс жүргізіліп жатқанын айтты.
2024 жылғы 6 ақпанда университетке шарт негізінде медициналық қызмет көрсететін Smart Health University City ЖШС медбикесі Whatsapp мессенджерімен флюорографиялық зерттеуден өтпеген механика-математика факультетінің 3 және 4-курс студенттерінің тізімі жазылған Excel форматындағы құжаттарды флюорографиялық зерттеуден өтуін қамтамасыз ету үшін осы факультет деканатының маманына жіберді. Алайда берілген құжаттарда студенттердің аты-жөнінен басқа, медициналық құпияға қатысты ақпарат та болған, - деп хабарлады университеттің баспасөз қызметі.
Соның салдарынан медициналық құпияны қамтитын дербес деректер мен мәліметтер мессенджерлерде тарап кеткен.
«Осы факті бойынша 2024 жылғы 14 ақпанда университетте қызметтік тексеріс тағайындалды және Алматы қаласының прокуратурасына прокурорлық ден қою шараларын қабылдау тапсырылды. Одан бөлек, студенттердің құқығын қорғауды қамтамасыз етуді сұрап, өтініш жолданды. Сонымен қатар университет Smart Health University City ЖШС-мен шартты бұзу туралы мәселені қарастырып жатыр», - деді ҚазҰУ өкілдері.