×

Арнайы білімі жоқ қандастар арасында медициналық қызмет көрсететіндер жиілеген – депутат

Гүлдара Нұрымова депутаттық сауал жолдады

 Дәурен Ерболат 14.02.2024 | 15:59
фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова елімізде псевдодәрігерлер мен арнайы білімі жоқ қандастар арасында медициналық қызмет көрсететіндер жиілегенін айтып, дабыл қақты.

Гүлдара Нұрымова депутаттық сауалын ҚР премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдады.

2023 жылдың соңында Алматыдағы клиникалардың бірінде сапалы және кәсіби медициналық қызмет ала алмауы салдарынан екі жасар бала көз жұмды. Балаға бір уақытта 22 дәрі-дәрмек, 7 дәрі тамызғыш (капельница) тағайындалды. Салдарынан баланың ағзасы уланып, ол қалалық балалар ауруханасындағы жансақтау бөлімінде қайтыс болды, - деді Гүлдара Нұрымова.

Депутаттың айтуынша, екі жасар бала көз жұмған клиника әлі жұмыс істеп тұр.

«Бұл клиникада кішкентай пациенттерге бір уақытта 40-қа дейін дәрі-дәрмек тағайындалады. Ауруы асқынған және денсаулыққа аса ауыр зиян тиюдің көп жағдайы тіркеліп жатыр. Мұнда дәрігер кеңесі – 200 мың теңге, массаж курсы – 400 мың теңге. Басқа да медициналық қызметтер негізсіз жоғары бағада көрсетілген.

Тіпті, адам медицина қызметкері болмаса да, 22 немесе одан да көп дәрі-дәрмекті бір уақытта қабылдау бала тұрмақ, ересек адамның ағзасына ауыр тиетінін түсінеді. Осы жағдайға қарамастан бұл клиника қызметін жалғастырып отыр», - деді депутат.

Депутат медициналық университеттерде оқитын болашақ дәрігерлерге науқасқа 5-тен артық дәрі-дәрмекті тағайындамауға кеңес берілетінін еске салды.

Гүлдара Нұрымова арнайы білімі жоқ псевдодәрігерлер қарапайым қазақстандықтардың өміріне қауіп төндіріп жатқанын айтты.

«Жақында Астанадағы №2 қалалық ауруханасының реанимация бөліміне жағдайы ауыр насқас түсті. Оған медициналық білімі жоқ дәрігер сымақ пластикалық операция жасаған. Салдарынан науқастың жағдайы нашарлаған. Пациентке шұғыл хирургиялық операция жасау нәтижесінде оның өмірін әрең сақтап қалдық. Мұндай фактілер көп.

Сонымен қатар Таразда «хирургтер» жеке салонда 9 заңсыз пластикалық ота жасаған: блеферопластика, липосакция және тағы басқа. Салдарынан науқастардың денсаулығына аса ауыр зиян тиген: бет пен дене тінінің деформациясы, қабақ ассимметриясы, іштегі спазмодикалық ауырсыну, аяқ-қолдың дисфункциясы, құлақ сырғалығының деформациясы және тағы басқа», - деді ол.

Депутат әлеуметтік желідегі жарнамалардан сақ болуға шақырды.

Өкінішке қарай әлеуметтік желілерде кез келген адам өзін әр саланың маманы ретінде, тіпті медициналық арнайы білімі болмаса да өзін дәрігер ретінде жарнамалайды. Осылайша, адамдар «көздің жауын алатын» жарнамалардың құрбаны болады, - деді Гүлдара Нұрымова.

Депутат арнайы білімі жоқ қандастар арасында медициналық қызмет көрсететіндер жиілегенін атап өтті:

Соңғы уақытта медициналық білімі жоқ қандастар медициналық кабинеттерді жиі ашатын болды. Олар түсініксіз құралдарды, балғаларды, тіркелмеген дәрі-дәрмектерді пайдаланады.

Жауапты органдар қайда қарап отыр: денсаулық сақтау департаменттері, медициналық және фармацевтикалық қызметтің сапасын бақылау комитеттері, құқық қорғау органдары?

Гүлдара Нұрымова Үкіметті екі мәселеге назар аударуға шақырды:

  • Медициналық қызметті жарнамалайтын әлеуметтік желілерді бақылауды қамтамасыз ету;
  • Заңсыз көрсетілген медициналық қызметті анықтау бойынша жұмысты күшейту.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама