Анатолий Шкарлупа электр энергиясын тұтынушылар қатары күрт көбейгенін айтты
Қазақстандық электр энергетикасы қауымдастығының басқарма төрағасы Анатолий Шкарлупа еліміздегі электр энергиясы бағасының қымбаттауына әсер еткен бірнеше факторды атады.
«Майнерлердің пайда болуымен бірге бізге валюталық кіріс әкелетін жаңа сала, сондай-ақ жалпы энергия тұтынушылар қатары өсті. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар кеңейіп, тағы жаңасы ашылып жатыр. Сайып келгенде, біз тек тапшылыққа емес, тапшылықтың шыңына жеттік», - деді Анатолий Шкарупа «Голос народа» YouTube арнасына берген сұқбатында.
Сарапшы атап өткендей, энергетика саласындағылардың осы жылдар аралығында жаңа генерациялар құруға мүмкіндігі болмады: тарифтер қатаң реттеледі және инфляцияға байланысты, ал жаңа станция салу мен тозғандарын жөндеу құны металдар мен импорттық арнайы жабдықтардың әлемдік бағасына байланысты.
Кейбір өңірде халық үшін тариф 10 теңге, ал бизнес үшін 33 теңге болуы мүмкін. Бұл саралау қазірдің өзінде халықтың тарифі басқа тұтынушылар есебінен көп субсидияланғанын көрсетеді. Тек тарифтерді теңестірудің өзі халық үшін 50% өсуге алып келеді. Кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш көбірек, кейбір өңірлерде аз, бірақ орта есеппен осылай, - деп қосты ол.
Қауымдастық басшысы тарифтің өсуін қажеттіліктен туындаған шара екенін атап өтті. Яғни, онсыз энергостанцияларды жөндеу мүмкіндігі болмайды. Ал олар Қазақстанда электр қуатымен қоса жылу да өндіріп отыр.