Halyq Uni логотип
×

«Біз ұрпағымыздың болашағын ұрлап жатырмыз» - Мұхтар Жәкішев

Қазба байлықтарымызды тиімді пайдаланбасақ, ертең соның сұрауы болады

 Дастан Жұмабекұлы 27.05.2022 | 16:14
«Біз ұрпағымыздың болашағын ұрлап жатырмыз» - Мұхтар Жәкішев
Видеодан скриншот

Алматыдағы Республика сарайында өткен «Shanyraq» бизнес форумында «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық компаниясының бұрынғы басқарма басшысы Мұхтар Жәкішев мыңдаған кәсіпкерге Батыс елдерінің Ресейге санкциялары мен оның Қазақстанға әсері туралы дәріс оқыды.

Дәріс еркін түрде болды. Оған жиналған халықта есеп болмады. Залда ине шаншар орын болған жоқ. Жәкішевтің санкцияларға қатысты дәріс оқыған жері журналист Вадим Борейконың YouTube арнасындағы «Гиперболей» аккаунтында жарияланды. Ал дәрістің толық нұсқасы кәсіпкердің өзінің YouTube арнасында шықты.

Ол әңгіменің басында қазір бәріміздің аумалы-төкпелі уақытта өмір сүріп жатқанымызды, алдағы уақытта не боларын білмейтінімізді айтып, Ресейдің Украинаға шабуылының кесірінен салынған санкциялар күн өткен сайын күшейіп, оның қашан тоқтайтыны белгісіз екенін айтты. Одан әрі ол санкциялардың Еуразиялық экономикалық одаққа мүше Қазақстанға әсер етпей қоймайтынын, өйткені, Ресей біздің елдің ең үлкен сауда серіктесі екенін ескертті. Осы ретте, Жәкішев санкциялардың қай кезге дейін созылады деген сұраққа жауап берді.

Санкциялар қаншалық ұзаққа созылады? Менің байқауымша, бұл ұзаққа кетеді. «Қыс ұзаққа созылады». Неге? Өйткені, санкцияның негізгі себебі, Ресейдің Украинаға шабуыл жасауы ғана емес.

Негізі Ресейде соғыс ашатындай шынайы себеп болған жоқ. Сол үшін де аналитиктердің бәрі бұл соғыс басталмайды деп ойлады. Бірақ, басталды. НАТО Ресейге жақындап келе жатыр деді. Олай емес. Балтық елдерінің шекарасы мен Мәскеудің арасын қараңыз, одан кейін Украина шекарасы мен Мәскеудің арасын қараңыз, қайсы жақын екен. Одан ұлтшылдар көп деді. Олай да емес. Украинадағы ұлтшылдардың саны Ресейдегі ұлтшылдардан аз. Францияда ұлтшылдар партиясы Парламенттің қырық пайызын алып отыр. Оларға да соғыс аша ма енді?!

Негізгі себеп - президенттің рейтингісінің төмендеуі. Ресей президентінің рейтингі төмендеген сайын соғыс ашатынын Батыс елдері түсініп алған соң, шабуыл жасамайтындай етіп, Ресейдің экономикасын әлсірету керек деген шешімге келді, – деді ол.

Одан кейін ол осы жолғы санкциялардың ұзаққа созылып, жойқын болатынын, оның кері әсері рекашет жасап біздің елге де тиетінін, алдағы кезде Украинадағы соғыс тоқтаса да санкция тоқтамайтынын, Батыс санкцияны Ресейдің соғыс ашпайтынына көзі жеткенде ғана тоқтататынын атап өтті.

Санкциялардың Қазақстанға кесірі туралы айтқанда ол:

Қазақстанның сыртқа шығаратын негізгі өнімі – шикізат. Біз осы уақытқа дейін оны негізінен Ресей арқылы шығарып келдік. Ресейдің темір жолдары, Ресейдің порттары, Ресей арқылы өтетін құбырлар - енді осының бәрі сенімді болмай қалайын деп тұр.

Менің бұрын да айтқан бір сөзім бар. Бір ел өзінің валютасын ойлап шығарса, ол ә дегенде жай ғана қағаз болады. Елдің ішінде сауда жасауға жарайды, сыртқа шықса, түкке татымай қалады. Егер сол елдің басқа елдерге ұсынатын құнды заты болса, сол кезде ғана төл валютасы құнды бола бастайды. Біз экспортқа бірнәрсе шығарсақ, кейін сол ақшаға сырттан бірнәрсе ала аламыз деген сөз.

Енді... Енді Ресей арқылы біз тауарды сыртқа шығара алмай қалатын болсақ, біздің экспорт тоқтайды деген сөз. Балама жол іздеуіміз керек. Бізде үш жол бар: Каспий арқылы Әзербайжанға өткізіп, одан әрі жіберу; Қытай; Түркіменстан-Иран темір жолы. Бірақ, осы үш жолдың үшеуі де бұрынғы Ресей арқылы өткен жүк ағысын көтере алмауы мүмкін. Бұрын жеткізіп отырған өнімімізді тұтынушыларымызға жеткізе алмай қалуымыз мүмкін деген сөз. Тиісінше, пайдадан қағыламыз, –  деді.

Осыған байланысты Мұхтар Жәкішев елімізге балама жолдарды дамытып, жаңа айтылған жолдардың бәрін күшейту керектігін ескертті. Дегенмен осының бәріне көп уақыт кететінін жасырмады.

Бұның бәрін кеше істеуіміз керек еді. Бірақ, кеше істеген жоқпыз. Бүгін болуы мүмкін қауіпті кеше болжай алмадық. Енді, міне, осы күнге келдік.

Біз мұхиттан алыс жатқан елміз. Сондықтан біз шығарған тауар тұтынушыға жеткенше біраз қымбаттап кетеді. Жол шығыны қосылады. Бұл мәселе бұрыннан бар. Егер тауарыңыз 10 доллар, жеткізуі 2 доллар болса, сіздің жеткізу құныңыз 20 пайыз деген сөз. Ал тауарыңыз 100 доллар, жеткізуіңіз 2 доллар болса, онда 2 пайыз деген сөз. Енді балама жолдар арқылы жеткізе бастасақ, жеткізу құны қымбаттайды. Егер 10 доллардың тауарын 5 долларға жеткізсеңіз, жарты құны жеткізуге кетеді, онда түк пайда қалмауы да мүмкін.

Енді не істеу керек? Енді біз тауардың құнын арттыруды ойлауымыз керек. Қай сала әлсіз болып тұр, солардан құтылуымыз керек, –  деген ойларын айтты.

Осы орайда, ол мысал ретінде мыс емес, мыстан жасалған кабель сатуды ұсынды.

Ол қымбаттау болады. Мыс құймасын арзанға сатқанда да, дайын кабельді сатқанда да жеткізуге сондай ақша кетсе, демек қымбаттауын сату керек қой? Шикізатты сол күйінде емес, оны өңдеп, қымбаттау бағаға сатуымыз керек. Бұны арнайы бағдарлама аясында істеуіміз керек. Әйтпесе, жеткізуге бүкіл ақшамызды жұмсап, отыра береміз.

Қазба байлықты жерден алып шығып, сата беруге көп ақыл керек жоқ. Ол байлық және қалпына келмейді. Біз бір тонна мұнай немесе бір тонна мыс шығарсақ, сол мөлшерде кедейлендік деген сөз, – деді Жәкішев.

Кәсіпкер сөз соңында әріптестеріне еліміз тәуелсіздігін алған кезден бері өз ұрпағымыздың болашағын ұрлап жатқанымызды айтты.

Шынында қазба байлықтарды балаларымыз бен немерелерімізден алып жатырмыз. Егер біз соның бәрін сатып жүріп пайда таппасақ, онда болашақ ұрпақ бізге қарап, сол кезде өзі бастарың істеді ме деп сұрауы мүмкін, –  деді ол.

Мұхтар Жәкішев - 1998-2001, 2002-2009 жылдар аралығында уран өндіретін «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық компаниясының басшысы болып қызмет атқарды. Оның басшылығымен компания әлем нарығында орнын нығайтып, уран өндірісін айтарлықтай арттырды. Канада, Ресей, Қытай, Франция, Үндістан және Жапонияның бірнеше корпорациясымен тығыз жұмыс істеді.

2009 жылы Мұхтар Жәкішев «қызметтік өкілетін асыра пайдаланды» және «мемлекеттік қаражатты жымқырды» деген баптармен айыпталып, 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Түрмеде ол 15-тен астам ауруға шалдықты. Бостандыққа шыққанша денсаулығы тым нашарлап кетуі мүмкін еді. 

2020 жылғы 3 наурызда сот Мұхтар Жәкішевтің шартты түрде мерзімінен бұрын қамаудан босату туралы үшінші өтінішін қанағаттандырып, оны бостандыққа шығарды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама