Қылмысты ақтауға тырысатын кез келген адам қоғаммен айыпталуға тиіс
Елдегі тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі өршіп тұрғанына байланысты Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов адам өлтірген қылмыскерлерді қатаң жазалануға тиіс деп есептейді. Ол бұл туралы Facebook-тегі парақшасына жазды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, бұл қылмыстың түп-тамыры тереңде жатыр. Оның себептерін үйреншікті тек отбасындағы материалдық қиындықтан, әлеуметтік проблемадан жанжал шықты немесе құқықтық сауатсыздықтың салдары деуге болмайды.
Соңғы мысалдардың бірі танымал экс-министрдің ісі болды. Сот болмай тұрып, фамилиясын атамай-ақ қояйын. Жас әйелін аяусыз, жауыздықпен өлтіріп, тәулік бойы жасырын ұстағанын естіп, қалай ғана білімді, сауатты, жағдайы жеткілікті, жақсы ортадан шыққан, осындай ауыр қылмысқа барды екен деп таңғалдық. Жай ұрыс-керіс болса, құқық қорғау органдары өзі шешер деп қоюға болады. Ондай жағдай отбасыларда болып тұрады. Өкінішке қарай, жылдан жылға көбейіп жатыр, – деп жазды депутат.
Мұрат Әбенов бұл қылмысты азайту, жауапкершілікті күшейту мақсатында Мәжіліс депутаттары бастама көтеріп, Заңға өзгерістер еңгізіп жатқанын да айтты.
Жазаны күшейтумен бірге, қоғамның санасын өзгерту маңызды. Кешіріммен қарауды, қылмыскерлерді ақтауға барлығымыз бірге қарсы шығуымыз керек. Қыздарымызды ұрып-соққан ғана емес, психологиялық зорлық әрекеттерінің алдын алу, кішкентай қыздарға жыныстық әрекет жасағанды, әкімшілік емес, қылмыстық іс ретінде бағалап, жауапқа тартуды ұсынып жатырмыз, – деді Мұрат Әбенов.
Депутаттың айтуынша, зорлық-зомбылық бойынша заңды қатайтуға экс-министірдің жасаған қылмысы тікелей әсер еткен. Азаматтар петицияға қол жинап, «ешкім аты, фамилиясын, қызметін пайдаланып, жауапкершіліктен қашпауы керек» деп талап қойып жатыр.
Бірақ соңғы кезде байқағаным, көптің наразылығын тудырған, аса жауыздықпен адам өлтірген қылмыскерді де ақтап алуға тырысқандар табылып жатыр. Олар аяқ-қолын жерге тигізбей, оның білімді, іскер маман, қамқор күйеу екенін айтып, алтын балаға теңеген болатын. Қылмыскерді ақтауын былай қойып, қолынан қаза тапқан жас қызға күйе жағуға талпынғандар да болды. Алайда халық ақымақ емес. Адам өлімі болды ма, оған нақты адам айыпты. Сондықтан ақылға қонымсыз сөздермен қылмыскерді ақтауға тырысу тым орынсыз, – деп есептейді депутат.
Сондай-ақ ол заң жобасын қарау жұмыс тобында екендігін жеткізді. Ол Мәжілісте қарау кезінде кейбір азаматтар қылмыскердің байланыстарын пайдаланып, жауапкершіліктен босап кетпеуіне алаңдаушылық білдіріп жатқанын айтты.
Жақында ғана заңгерлер істің жай-жапсарымен танысып, материалдарды қарап бітті деген ақпарат шықты. Бірақ осы тұста қылмыс жасады деген күдіктінің жақындары қайтадан ақпараттық құралдарды, әлеуметтік желілерді іске қосып, экс-шенеунікті ақтап алуға тырыспауы керек. Біз оған қоғам болып жол бермейміз. Бұл істің ары қарай қалай өрбитінін мен де, сіз де, бәріміз қоғам болып бақылап отыруымыз керек. Себебі қылмыскердің қолынан қайтыс болған жас қыздың өлімі елдегі үлкен мәселенің бетін ашып кетті. Бұған дейін де жарынан таяқ жеп, арқа сүйері болмаған соң, іштен тынып жүрген әйелдер көп болатын. Егер бұрын министр болған қылмыскер, өз мүмкіншілігіне сүйеніп, жазадан құтылып кететін болса, заңға үміт артып отырған қаншама әйелдің сағы сынады. Қоғам Жаңа Қазақстанның әділдігі осы ма деп сенімін жоғалтады. Мен заңгер әрі Мәжіліс депутаты ретінде қылмыскердің лайықты жазасын алатынына сенемін әрі бақылаймын. Себебі әділетті қоғам құрамыз десек, тамыр-таныс деген түсініктен толығымен арылып, тек заң аясында жұмыс істеуіміз керек, – деп жазды Мұрат Әбенов.
Мәжіліс депутаты алдағы кезде осындай қылмысты ақтауға тырысатын кез келген танымал азамат, БАҚ өкілдері кемінде қоғаммен айыпталуы керектігін мәлімдеді.
Бүгін тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсетіп, кісі өлтірген күдіктіні ақтап отырса, ертең өзінің сол істі қайталамасына кепілдік бар ма? Сондықтан өз тарапымнан сот процесі ашық түрде жүреді деп күтемін. Сот процесінің өту барысын бастан-аяқ қадағалап, қандай да бір «бармақ басты, көз қысты» фактілеріне жол берілмеуін бақылап отыратын боламын. Бір әулеттің бағып-қағып, еркелетіп өсірген сүйікті қыздарының өлімі бекер болмас үшін заңның қатаң сақталып, қылмыскердің жазалануын қоғам болып талап етуіміз керек. Сонда ғана Әділетті Қазақстанға жететін боламыз. Әрбіріміздің анамыз, қарындасымыз, досымыз, қызымыз бар екенін ұмытпайық! Олар қауіпсіз қоғамда өмір сүруі үшін зорлық-зомбылық көрсеткен әр адам әділ жазасын алуы керек, – деді Мұрат Әбенов.