Аудиода марқұмның кіммен не туралы сөйлескені жазылған
Ресей Либерал-демократиялық партиясының бұрынғы төрағасы Владимир Жириновскийдің ауруханада емделіп жатқанда өзінің партиялас әріптесіне әлеуметтік желі арқылы жіберген аудиожазбасы жарияланды.
Аудиожазбада Мемлекеттік думаның депутаты Василий Власов былтыр Жириновскийдің Ресейдің Украинаға шабуылының басталатын күні мен сағатына дейін айтқанына таңданысын білдірген. Жириновский соның бәрін дәлме-дәл болжағанын, одан артық ешкім болжам жасай алмайтынына мақтанған.
Ол әңгіме былайша өрбіген еді.
Жириновский: Василий, бізде бәрі дұрыс болып жатыр...
Власов: Ертең бізде пленарлық мәжіліс болады. Бәріміз дауыс беріп, қолдаймыз. Сіздің былтыр «22 ақпан күні сағат таңғы 4-де «Арнайы операция» басталады» деп айтқан сөзіңізді жеткіземіз. Сіздің аузыңыз дуалы екен. Бәрі басталды. Осының барлығы әлеуметтік желіде тарап жатыр. Біз әлеуметтік желіге тіркелгенбіз.
Жириновский: Барлығына айтыңдар. Көрсетіңдер. Болжамды кім жасағанын білсін.
Власов: Әрине, сізден артық кім айта алады?! Сіз мұның бәрін бір жыл бұрын айтқансыз. Қалай бәрі дәл келіп тұр! Бірақ, сіз «22 ақпанда таңғы сағат 4-те басталады» деп айтып едіңіз...
Жириновский: Міне, міне көрдіңдер ме!
Власов: Иә, иә. Қалай дәл айттыңыз. Таңқалып отырмыз.
Жириновский: Василий, енді одан да нақтырақ айтайын...
Осы арада Жириновскиймен байланыс үзіліп қалады.
Власовтың айтуынша, оған Жириновскийдің «Арнайы операцияның» басталғанын біле алмай, қайтыс болғанына өкініштерін білдіріп, көп адам хабарласқан.
«Маған көп адам В.В.Жириновскийдің «Арнайы операцияның» басталғанын, ЛХР мен ДХР-ды тәуелсіздігін мойындағанымызды біле алмай, қайтыс болып кеткеніне өкініп, хат жазып жатыр. Мен сіздерге айтайын, ол бәрін білді. Соған қуанды. Мен: «ЛХР мен ДХР-дың тәуелсіздігі үшін дауыс береміз, сіздің дауысыңызды санаймыз», - деп айттым», - деді ол.
Жириновский 6 сәуір күні ұзаққа созылған дерттен қайтыс болды. Ол ақпан айының басында коронавирустың асқынуына байланысты ауруханаға түскен еді. Содан жансақтау бөлімінде жатып, көз жұмды.