Адамға мықты спортшы болу міндет емес, әуелі жинақы да жігерлі, шымыр да шыдамды, сымбатты болып жүру керек, - дейді ол
Бүгін армлифтингтен қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Мұрат Нұрғазинмен кездесіп қалдық. Ойда жоқта кездестік. Бұл жігітті мен сырттай білетінмін. Расын айтқанда, онымен бірде бір рет кездеспеген едім. Енді міне, бүгін сабақты ине сәтімен дегендей, Мұрат Мырзағалиұлымен жолығудың сәті де түсті.
Бұл спортшыны көп адам біле бермейтін шығар. Олай дейтінім, Мәкеңнің өзі көпшіліктің алдына көп шыға бермейді. Бұған дейін Khabar телеарнасындағы «Оян» бағдарламасына бір рет сұхбат беріпті. Одан кейін ешкімге сұхбат беруге өтініш айтпапты да.
-Мен өзің білесің ғой, көп жерге барып, мені жазыңыздар, армлифтингтен қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионымын деп айта бермеймін. Ондай мінезім жоқ. Менің бар ойым, мақсатым – халықаралық сахнада еліміздің атын шығару, көк байрағымызды биіктен көрсетіп, әнұранымызды ойнату, – деді ол.
-Иә, оныңыз дұрыс қой енді. Бірақ тарихта тайға таңба басқандай етіп қалатындай тағы бір нәрсе бар емес пе?! Ол ақпарат құралдарында жарияланса, міне сонда сіздің күнді күн, түнді түн демей еңбек етіп, маңдай термен келген жетістігіңіз де көрінер еді, – дейміз біз де .
Сөйтіп, аз-кем әңгімеден соң, әлем чемпионынан сұхбат алуға келісімін алып, сұрақтарымызды қоя бастадық. Енді оқырман назарына сол сұхбатты ұсынуды жөн көріп отырмыз. Айтпақшы, уақыттың тығыздығына байланысты Мұрат Нұрғазин спорттағы жетістіктері туралы барынша кеңірек айтып беруге тырысты. Әрі қарай ол өз ойын Halyq uni ақпарат агенттігінің әлеуметтік желідегі парақшаларында айтып берді.
Анықтама: Мұрат Мырзағалиұлы Нұрғазин күштік спорт түрлерінен әлемнің екі дүркін чемпионы, әлем кубогының жеті дүркін иегері, Азияның жеті дүркін чемпионы, Қазақстанның көп дүркін чемпионы, Қазақстан рекордтарының иегері, Азия мен Еуропаның төрт дүркін рекордшысы, әлем рекордының төрт дүркін иегері, грек- рим күресінен спорт шебері және күштік спорт түрлерінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, марафоншы.
-Мұрат Мырзағалиұлы, жаңа ғана өзіңізге армлифтингтен қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы екеніңізді көп адам біле бермейді деп айттым ғой. Әуелі өзіңіз туралы айтып берсеңіз. Қай жерде, қай жылы тудыңыз? Ата-анаңыз кім? Отбасыңыз туралы да оқырманға айтсаңыз.
-Мен 1977 жылы Абай облысы Аягөз ауданында туып, өстім.
Ата-анам қарапайым жұмысшылар. Әкем Мырзағали Нұрғазыұлы Өтепов – инженер-электрик. Анам – Зағила Жәнібекқызы Жәнібекова үйде төрт бала болған соң үй шаруасымен айналысып, бізді тәрбиеледі.
Кішкентай кезімнен атам мен әжемнің тәрбиесін алып, әжемнен батырлар туралы аңыз әңгімелер тыңдап өстім. Сол кезде батырлардың тылсым күшін естіп қайран қалатынбыз. Сол алыптарға еліктеп өстік. Ұл немеренің үлкені болғандықтан ер адамдар атқаратын шаруаға ерте араластым. Ол қора тазалау, малға қарау, шөп тасу тағы басқа жұмыстармен ерте айналыстым.
Мектепте өте жақсы оқыдым. Білімге құмар едім. Көп кітап оқығанды ұнататынмын. Әсіресе, қазақ батырлары мен балуандары туралы көп оқыдым. Иманжүсіп, Балуан Шолақ, Қажымұқан туралы кітаптар маған ертеден таныс болды. Сондай өмірінен үлгі алатын адамдар туралы кітаптарды өзім іздеп тауып оқушы едім. Мүмкін соның да әсері шығар, осы бала күнімдегі арманымды, зейнетке шығып орындап жүрмін.
Отбасылымын. Зайыбым Салтанат екеуміз төрт баланы ел қатарлы тәрбиелеп, өсіріп отырмыз. Оның толық аты-жөні ымдап сұрап жатыр екенсің айтайын, Салтанат Жеңісқызы Нұрғазина. Үлкен қызымның аты – Жанар, екінші қызымның есімі – Айгүл, үшінші баламның аты – Гүлнәз. Ал үйдің кенжесінің есімі – Рүстембек.
-Осылай бәрінің аты аталған жөн.
Дұрыс екен, Мәке. «Болар бала бесіктен» дейді ғой. Батырлар жырын тыңдап, көркем әдебиетті оқып, шаруаға ерте араласқан баладан қайраткер шығады деп жатады. Бұл сөз – рас сөз. Оған өзіңіздің арман-мақсатыңызға жетіп отырғаныңыз дәлел. Енді мына нәрсені айтыңызшы, сізді осы арманға жетелеген армлифтингпен қашан айналыса бастадыңыз?
-Мен Астанаға 1995 жылы келгенмін. Күштік құрылымдарда жұмыс істеп, зейнетке шыққан соң спорттың осы түрімен айналыса бастадым. Кезінде грек-рим күресімен де айналысып, одан спорт шебері атағын да алдым. Бала кезімдегі спорттық мінезімді қалыптастыруға күрестегі алғашқы жаттықтырушым Мұхтар Дүйсенғазұлы Абдуллин болды. Мен ол кісінің қарамағында Аягөздегі спорт мектебінде жаттықтым. Мұхтар Дүйсенғазыұлы – елімізге белгілі жаттықтырушы. Ол – талай әлем, Азия чемпиондарын дайындаған кәнігі маман. Міне, мен сол кісінің қол астында жаттығып, мінез қалыптастырдым.
Шынын айту керек, полицияда істеп жүргенде спортпен айналысуға қолым тие бермейтін. Содан кейін қолым босап, Астанадағы барлық марафонға қатыста бастадым. Астанада Half, ВІ, ЭКСПО марафондарға, қысқасы жүгіруден барлық жарысқа қатысып көрдім. Нәтиже жаман болған жоқ. Марафонда жүлделі орындарды иелендім. Содан кейін карантин басталып, жарыстарға шектеу қойылды. Карантин біткен кезде армлифтингпен айналысуға ұсыныс түсті.
2021 елімізде алғаш рет Қазақстан чемпионаты өткізілді. Бұл жарыс Қарағандыда болды. Сол чемпионатта бірінші орынды жеңіп алдым. Чемпионатты Халықаралық пауэрлифтинг федерациясы ұйымдастырды. Бұл ұйым стрлитлифтинг, армлифтинг пен пауэрлифтингті біріктіреді.
2022 жылы Қарағандыда армлифтингтен Азия чемпионаты жалауын көтерді. Сол жарыста Халықаралық пауэрлифтинг федерациясының президенті Никита Полищук Ресейде әлем чемпионаты болатынын айтты.
Әлем чемпионаты Екатеринбург қаласында болды. Оған 20-дан аса елдің өкілдері келіп, 3 мыңнан астам спортшы қатысты. Қытай, Корея, Моңғолия, Пәкістан, Армения, Әзербайжан мен басқа да елдердің мықтылары жиналды. Осы сында мен 75 кг салмақта әлем чемпионы атанып, рекорд жасадым. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындап шықтым.
-Әлем чемпионатына жалғыз бардыңыз ба? Жатын орын, жолға ақшаны қалай шығардыңыз? Министрліктен, қала әкімдігінен көмек болмады ма?
-Біздің спортта бәрін өзіміз көтеріп жүреміз. Мемлекеттен ақша алмаймыз. Әлем чемпионы болған күннің өзінде ешкім ештеңе айтпайды. Барлық жол шығынын өзіміз төлейміз. Демеушілеріміз де өзіміз.
-Әлем чемпионаты туралы айтып қалдыңыз? Ол жас ерекшелігіне байланысты болды ма? Оған кімдер қатыса алды?
-Әлемдік дода Екатеринбуг қаласында ұйымдастырылып, онда жасқа шектеу болды. Бұл жарыста Халықаралық пауэрлифтинг федерациясы бойынша 75 келі салмақта 18 бен 70 жас арасындағы спортшылар арасында бәрінен артық көтеріп, рекорд жасадым.
Ресейге спорттың бұл түрі 2010 жылы келген. Ал оның түп тамыры Атлант мұхитының ар жағындағы АҚШ-та шыққан екен. 1930 жылы Америка Құрама Штаттарында армлифтингтен алғашқы жарыстар ұйымдастырыла бастапты.
2021 жылы күзде Қырғызстанның астанасы – Бішкекте Әлем кубогы жолындағы турнир болды. Мен оны да жеңіп алдым.
Былтыр қараша айында Қарағандыда Әлем кубогының жалауы көтерілді. Оған 1 500 спортшы қатысты. 15 мемлекеттен спортшылар жиналды.
Мен өзім осы жарысқа команда апардым. Команданың жаттықтырушысы әлемнің 10 дүркін чемпионы Серік Нұрғалиев болды. Бұл кісі әлемге әйгілі спортшы. Оны жақсы білесіздер. Ол күш құрылымдары арасында өткен халықаралық сайыстарда 10 мәрте әлем чемпионы және рекордшысы атанып, әлем біріншіліктерінде 31 алтын, 5 күміс және 2 қола медалін жеңіп алған. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, полиция полковнигі.
Секең 2002 – 2013 жылдар аралығында Оттава, Барселона, Лас-Вегас, Окленд, Квебек, Сан-Паулу, Аделаида, Орландо,Ванкувер, Андорра, Нью-Йорк, Белфаст қалаларында өткен бәсекелерде әлемді аузына қаратып, құқыққорғаушылар арасындағы сан түрлі жарыс түрлерінен ең үздік атанды.
Серік Өтеуұлы ақшаға жұмыс істемейтін кісі. Қазір балаларды клубта тегін жаттықтырып жүр. Сол кісіден көп нәрсені үйренуге болады.
Осы жарыста ол үздік жаттықтырушы, мен команданың үздік капитаны атандым. Біздің «Алтай протэйм» командамыз бас жүлдені иеленді. Серік Өтеуұлы абсолютті чемпион атағын алды. Осы сынға жыл бойы дайындалып, рекорд жасадым.
Қазір Арман Сүлейменов, Ерлан Оспанов, Ерлан Каукенов, Алексей Усачектермен бірге араласып, бірге жаттығып жүрмін.
-Шәкірттер дайындап жүрген боларсыз?
-Иә, әрине. Шәкірттерім бар. Олар Әлем кубогы, Азия, Қазақстан чемпионаттарына қатысып, сол жарыстарда топ жарып жүр. Шәкірттерімнің бәрі біздің клубта жаттығады. Мен де Серік Өтеуұлы сияқты балаларға мотивиция беруге тырысамын.
-Серік Нұрғалиев мотивацияны қалай береді?
-Ол спортшыны жарысқа жақсы дайындайды. Ол кісі – поликовник болса, мен майор шенін алып, зейнетке шықтым. Секең – жақсы психолог. Адамның жан дүниесін жақсы түсінеді. Талапты да қоя біледі. Өте талапшыл. Сосын жауапкершілікті ұнатады. Біздің алдымызға биік мақсат ғана қояды. Мысалы, ол кісі бізге екінші, үшінші орын алу туралы ешқашан айтпаған. Тек бірінші орынды жеңіп алу керек дейді. Сосын бірніші орынды артығымен алу керек деп талап қояды. Ол кісі өзіңіз де жақсы білесіз, әлемнің 10 дүркін чемпионы. Одан басқа да чемпиондық атақтары жетіп артылады. Міне, сол кісі мемлекеттен ешқандай қолдау көрмей, өз бетінше әлемдік додаларға барып, топ жарып жүрді.
-Алда қандай жарыстар бар? Қайсысына қатысасыз?
Ақпан айында Астанада пауэрлифтингттен қалалық жарыс, наурызда Көкшетауда Қазақстан чемпионаты болады. Сәуір айында Азия чемпионатына барамыз. Сосын Бішкекте Ресейдің ұйымдастырумен әлем чемпионатының жалауы көтеріледі. Мамыр айында Алматыда Азия чемпионаты өтеді. Ресей әлем чемпионатын санкцияға байланысты өз елінде өткізе алмай жатыр. Өз жерінде ұйымдастырған күннің өзінде оған көп мемлекет қатыса алмайтын еді.
-Енді жастарға қандай тілек айтасыз?
Қазіргі жастарға айтарым, жаман әдеттен аулақ болып, денсаулықты жастайынан ойлаңдар. Уақыт тез өте шығады. Кейін күтімсіз, шынығусыз құртып алған денсаулық орнына келмейді. Өкінгенмен кеш болады.
Шынығып, жаттықсаң ғана нәтижеге жетесің. Еңбексіз ешнәрсе келмейді. Шынығып, мықты спортшы – чемпион болу міндет емес. Алайда, шымыр, сымбатты болып жүру әр азаматқа жарасады. Сондықтан ең бастысы, жақсы азамат болу керек. Спорт ширатады, шымыр болуға, тиянақтылыққа үйретеді. Спортпен айналысыңдар, жаман әдетке жоламаңдар демекпін.
-Соңғы сұрақ. Ертедегі тау-тасты қопаратын Толағай сияқты ауыр заттарды қалай көтересіз?
-Толағайдай тылсым күш табиғаттан беріледі. Орыстар «мужской стержень» деп айтады. Адамның бойында сондай күш болады өзі. Мысалы, кейбір адамдар кішкентай болса да шымыр болады. Мен енді өзімді сондай таусоғар деп айта алмаймын. Бірақ, Алланың берген күші бар. Қазақтар ережесіз жекпе-жекте болсын, спорттың басқа түрінде болсын өзге ұлттарды жеңіп шығып жатады ғой. Бұл біздің қазақи мінезімізден деп ойлаймын. Қазақта намыс деген бірінші орында тұрады. «Қоянды қамыс өлтіреді, ер азаматты намыс өлтіреді», деп айтады ғой. Ең бастысы, осы. Сосын табиғи тамақ жеу керек. Басқа ештеңе емес, сол қазақи мінездің арқасында барлық жерге шығып жүрміз.
Сөздің шыны керек, қазақтың намысы басқалардан ерекше тұрады. Қазақтың қыздарының күресін көрсең кілемге шыққанда намыстан жаралғандай болып көрінеді. Қыздар да тек қана мінезбен алады. Еркін күрес, бокстан да жарыстарды көрсең қыздарымыз да жанкешті күресіп, бокстасады.
Намысқа тырысып жаттықсаң, техника да келеді. Сондықтан басқа ұлттарға қарағанда біздің намысымыз бірінші кезекте тұрады. Мен өз басым солай ойлаймын.
-Әңгімеңізге рахмет!