«Ресей клубтары Еурокубоктарда мүлдем ойнамауы мүмкін» - УЕФА президенті
Ал Украинаның командаларына бар жағдай жасалып жатыр

Еуропа футбол одағының (УЕФА) президенті Александер Чеферин ресейлік клубтардың Еурокубок ойындарына қашан қатысуы мүмкін екенін айтты.
Бұл туралы championat.com порталы хабарлады.
«Біз бұған дейінгі жағдайды дұрыс бағаламадық. Соғыстың жалғасып кетінінін ешкім ойламады. Соғыс басталғанда әрі кетсе екі-үш аптада жағдай реттеледі деп ойладық. Сондықтан дәл қазір бәрін кесіп айту қиын.
Мен ресейлік клубтар Еурокубокта ойнайды деп айта алмаймын. Олар мүлдем ойнамауы да мүмкін. Ал Украинаның командаларына барлық турнирлерге қатысу үшін бар жағдайды жасаймыз.
Мен осыған дейін де талай рет айтқан болатынмын. Соғыстың кесірі спортшыларға тиіп отыр. Украина мен Ресей елінің спортшылары үшін қиын жағдай болып тұр. Әсіресе, ресейлік футболшылар үшін. Себебі, осы жанжалдың кесірі соларға тиіп жатыр», - деді ол.
Ресей Мемлекеттік думасының депутаты Дмитрий Свищев көпшіліктің УЕФА президентінің сөзін дұрыс түсінбегенін, командалардың жақын арада Еуропа футбол одағына оралатынын атап өтті.
«Ресей клубтарын Еурокубок турнирлеріне қатыстырмау дегеніміз уақытша нәрсе. Мұндай мәлімдемелерді талай рет естідік. Негізі, УЕФА президенті бізге жаны ашитын адам. Ол біздің елдің Еуропа футбол одағына қайтып келуі үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасап жатыр», – деді ол.
УЕФА басшысының мәлімдемесіне Ресей футбол одағының құрметті президенті Вячеслав Колосков та өз ойын айтты. Ол да Ресей клубтарының болашақта Еурокубок турнирлеріне қатысатынына сенімін білдірді.
«Чефериннің сөзіне сенбеймін. Ол мұндай сөзді айтпайды. Меніңше, оның сөзін біреулер бұрмалап жіберген. Өйткені, ол Батыс елдері бірінші санкция салғанда Ресейге жаны ашып отырғанын айтқан болатын. Міне, мен оның сол сөздеріне сенемін. Ал мына сөзіне сенбеймін. Ресей түптің түбінде УЕФА турнирлеріне қайта оралады. Біздің ел қай кезде қандай проблема болсын бәрінде жеңіп шыққан. Солай болған. Солай бола береді», – деді Колосков.
2 мамыр күні УЕФА Ресейдің командаларын 2022-2023 жылғы маусымдағы барлық жарыстардан шеттеткен болатын. Мұндай жазаға Ресейдің ұлттық құрама командасы да ілікті.