«Шошқа өсіруге 2,1 млрд теңге бөлінген». Депутаттар дабыл қақты

Дәурен Ерболат

Биылғы қыстан жылқылар аман шықпауы мүмкін

Фото: Halyq Uni

Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясының депутаттары Қазақстанда шошқа өсіруге бөлінген қаржы (2,1 млрд теңге) жылқы өсіруге бөлінген қаражаттан (53 млн теңге) 40 есе көп екенін айтып, дабыл қақты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Депутаттық сауал Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа жолданды.

Биылғы қалың қар, қатты қыс мал шаруашылығына оңай тиіп жатқан жоқ. Әсіресе, жылқы малына аса ауыр тиюде. Солтүстік өңірлерде жем-шөп таусылып, далада қардың беті жаппай мұз құрсанып, жылқылар тебіндей алмай, толық қолға қараған, өлім-жітім көп деген ақпарат түсіп жатыр. Шаруалардың жөнді субсидия берілмейтін жылқы малынан айырылып қалу қаупі бар. Өйткені жем-шөбі таусылған фермерлер жылқыны арзан болса да соғымға жаппай сатып жатыр, - деді депутат Қазыбек Иса.

Ол сөзіне нақты дәлелдер келтірді.

«Ақмола облысының бірнеше ауданында жылқы басының азайып бара жатқанын айтып, дабыл қаққандар көп. Зеренді ауданындағы Ақадыр, Васильков, Заречный, Шағалалы сияқты ондаған ауылда жұрт жем-шөп таппай, қиналып отыр. Ақкөл ауданы малшыларының жағдайы да мәз емес. Шөптің бағасы тым шарықтап кетіп, бір орамы 20 мың теңгеге дейін жеткен.

Басты себеп – жайылым және шабындық жерлердің тапшылығы. Тіпті, жайылым жерінен мүлде айырылып қалған көптеген ауылда (Зеренді ауданындағы Ақадыр, Айғыржал, Ортақ, Қошқарбай, Раздольный, Күсеп, Первомайский) жылқылар қолға қарап тұр. Егінді елдің іргесіне дейін егіп тастаған. Көптеген ауыл тұрғыны көтерем болған көп жылқы көктемге жетпей қалуы мүмкін деп дабыл қағып жатыр, - деді депутат.

Қазыбек Иса Үкімет деңгейінде шұғыл түрде мынадай кешенді шараларды қабылдауды ұсынды:

  • Үкімет пен құзырлы министрлік, ведомстволар, әкімдіктер қазаққа қадірі артық жылқыны аман алып қалу үшін арнайы «Жол картасын» жасауы қажет;
  • Ең үлкен мәселенің бірі – шаруалардың бейнеттеніп өсірген жылқысын лайықты бағасына сата алмауы. Сондықтан жылқы етін мемлекеттік сатып алу тізіміне міндетті түрде енгізу қажет. Қорытылуы жеңіл, денсаулыққа пайдалы екені ғылыми түрде дәлелденген жылқы етінің тауық пен шошқа етінен кем болғаны ма?
  • Үкімет жылқыға субсидия беру мәселесін қайта қарауға тиіс. Мал шаруашылығында құс тұқымдарына да, тіпті шошқаға да субсидия бар. Алайда жылқыға мардымды субсидия жоқ. Мысалы, республикалық бюджеттен 2023 жылы жылқы өсіруге бар болғаны 52,9 млн теңге, ал шошқа өсіруге 2,1 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржы – жылқыға бөлінген ақшадан 40 есе көп... Еліміздегі халықтың басым бөлігі жемейтін шошқа етіне деген ерекше қамқорлықтың сыры неде?
  • Жайылым мәселесі үшін мемлекеттік комиссия құрылып, жердің қаншалықты, қалай жаратылып жатқанын түпкілікті тексеріп, нақты шешу керек.