Полиция оны әлі іздестіріп жатыр
Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев премьер-министрге депутаттық сауал жолдап, Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісін соққыға шыққан ер адамды тез табуды талап етті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Өкінішке қарай, соңғы кезде заңды белден басып, ойына келгенін істейтін бетімен кеткендер көбейді. Мысалы, Қарағандыда болған оқиға – соның айқын дәлелі. Айдың-күннің аманында өз қызметін адал атқарып жүрген жедел жәрдем жүргізушісін қанжоса етіп соққыға жығу – бассыздық. Құқықбұзушы Нұрболат Дәкебаевтың бұл әрекеті – жай ғана қылмыс емес, бүкіл қоғамға, заң мен тәртіпке ашық қарсылық, не істей аласың деген дөңайбат, - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның пікірінше, мұндай адамдар заң аясында тиісті жазасын алуы керек.
«Ол өзін бейнетаспаға түсіріп жатқанын біліп тұрса да ешқандай айылын жимай, жұдырық сілтеп, қызметтегі адамды қанға бөктіруі – әбден шектен шыққандық, нағыз қаныпезерлік. 1 жасар сәбиге көмекке келген медицина қызметкерлерін ашықтан-ашық, куәгерлердің көзінше ұрып-соғу не деген сұмдық? Арнайы қызмет өкіліне істеп отырғаны мынау болса, мұндайлар қарапайым адамдарды қырып тастаудан тайынбас», - деді Елнұр Бейсенбаев.
Ол осыған дейін депутаттар бірнеше рет медицина қызметкерлерін қорғау үшін арнайы статус бекітуді ұсынса да Үкімет әлі күнге дейін шешім қабылдамағанын атап өтті.
Адам өмірін сақтау үшін арпалысатын ақ халатты жандарды арнайы қызмет көрсетуші өкіл ретінде заңмен қорғауымыз керек. Бұл – уақыт күттірмейтін шешім! Бұл бір ғана оқиға емес. Алматыда автобус жүргізушісін соққыға жығудың қандай қайғылы жағдайға соқтырғанына бәріміз куә болдық. Бұл – жария болғандары ғана. Жабулы қазан жабулы күйінде қалғандары қаншама?! Сондықтан мұндай жағдайға мүлде жол беруге болмайды. Өткенде Қуандық Бишімбаев, бүгін Нұрболат Дәкебаев, ертең кім болады сонда?! - деді депутат.
Осы орайда Елнұр Бейсенбаев уәкілетті органдарға мынадай шараларды қолға алуды ұсынды:
Жалпы отырыстан соң Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан ер адамды полиция міндетті түрде ұстайтынын жеткізді.
«Ол іздестіріліп жатыр. Тергеу жүргізілуде. Оны ұстап, жауапқа тартамыз. Ешкім жауапкершіліктен қашып құтылмайды», - деді министр.