Жағдайды бақылауда ұстауға толық мүмкіндік бар
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Астана қаласы мәслихатының депутаты Азамат Айтқожиннің ұсынысына жауап берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бұған дейін мәслихат депутаты елордаға келетіндердің санын азайту үшін блок-бекет қоюды ұсынған болатын.
Кім көрінген келеді. «Маған пәтер керек», «маған анау керек, мынау керек». Блок-бекет қойыңдар, бітті! Бәрі Астанаға ағылады. Астана созыла беретін резеңке емес қой, - деген еді Азамат Айтқожин.
Ержан Сәденов бұл ұсыныс іске аспайтынын түсіндірді.
Бізде (азаматтар) еркін жүріп-тұрады. Менің ойымша, Астанаға (келушілерді) шектеу керек емес. Жағдайды оперативті түрде бақылауға алатын құралдар бар. Заңды бұзғандарға қатысты тиісті ақпаратты ала аламыз. Оған қажет күш пен құрал да бар. Сондықтан (елорданың кіреберісіне блок-бекет орнатып, келушілердің санын азайтудың, – автор) қажеті жоқ.
Бұрын барлық жерде блок-бекет болатын. Олардың санын қысқарттық. Қазір тек негізгі магистральдарда бар. Коронавирус пандемиясы және төтенше жағдай кезінде (блок-бекеттер) қойылды. Олар әкімдіктің балансында болды. Менің ойымша, қаланы жабудың қажеті жоқ», - деді министр Мәжілістің жалпы отырысында.