Қылмыстық істерді қазақ тілінде жүргізу керек деген бап орындалып жатқан жоқ – Досжан Әмір
Қостанай мен СҚО-да мемлекеттік тілде қаралатын істердің үлесі 1%-ға да жетпейді
Заңда қарастырылғандай, елімізде қылмыстық істер қазақ тілінде жүргізілуі керек. Бірақ Кодекстегі бұл бап еш жерде орындалып жатқан жоқ. Бұл туралы ҚР Жоғарғы сотының Қылмыстық істер жөніндегі судьясы Досжан Әмір Halyq Uni YouTube жобасына берген сұқбатында айтты.
Судьяның айтуынша, іске аудармашы қатыстырылып, ол мемлекеттік тілді білмейтін адамдарға қолданылуы керек.
Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 30-бабында нақты көрсетілген, ҚР-да қылмыстық сот iсi мемлекеттiк тiлде жүргiзiледi, ал қажет болған жағдайда сот iсiнде мемлекеттiк тiлмен бiрдей орыс тiлi немесе басқа да тiлдер қолданылады. Iс бойынша мемлекеттік тiлдi бiлмейтiн адамға аудармашы қызметiн тегiн пайдалану құқығы берілген. Алда-жалда басқа тілде жүргізу керек болса, онда мемлекеттік тілден басқа тілге ауысу үшін заң бойынша уәжді қаулы шығады.
Өкінішке қарай, республика бойынша осы бап орындалып жатқан жоқ. Мен өңірлерде қызмет етіп жүргенде сол өңірдің бүкіл құқық қорғау органдарын жинап алып, осы мәселе бойынша жылына бірнеше рет жиналыс өткізетінбіз. Бәрң өзімізге келіп тіреледі. Қарап отырсаңыз, облыстық сот төрағалары, прокуратура саласында, ішкі істер департаменттерінде жүргендер – өз қаракөз бауырларымыз, - дейді Жоғарғы сот судьясы.
Досжан Әмір бес жыл бойы Ақмола облысы соты төрағасы қызметін атқарған. Сол кезде өңірдегі істерді мемлекеттік тілде жүргізу көрсеткішін бір жыл ішінде 1,3%-дан 17%-ға, яғни 10 еседен артық көбейткенін айтты.
Жоғарғы сот судьясының айтуынша, бүгінде Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында мемлекеттік тілде қаралып жатқан істердің үлесі 1%-ға да жетпейді.
Сондықтан, мемлекеттік тілдің деңгейін, беделін көтеру үшін заң аясында, 7-баптың 2 тармағы бойынша істі мемлекеттік тілде жүргізуіміз керек және қазақ тілін білмейтін азаматтардың конституциялық құқығын бұзбас үшін аудармашы тартып, жұмыс істеуіміз керек, - дейді судья.