Halyq Uni логотип
×

25 жылдан бері жалақысы өспеген: Жоғарғы сот судьясы аудармашы тапшы екенін айтты

Әмір Досжанның айтуынша, соттағы аудармада заң талаптары сақталмай отыр

 Халық үні 31.01.2024 | 10:47
25 жылдан бері жалақысы өспеген: Жоғарғы сот судьясы аудармашы тапшы екенін айтты
Фото: Halyq Uni

Елімізде сот саласындағы аудармашылардың жалақысы 25 жылдан бері өспеген. Бұл туралы Жоғарғы соттың Қылмыстық істер жөніндегі судьясы Әмір Досжан Halyq Uni YouTube арнасына берген сұқбатында айтты.

«Сот істеріне аудармашы қатыстыратын болсақ, аудармашыны мемлекеттік тілді білмейтін адамдарға қолданамыз. Сонда қазір өзіміздің елімізде жетімнің күнін көріп отырмыз. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 30-бабында тағы да нақты көрсетілген. Қазақстан Республикасында қылмыстық істер тек қазақ тілінде жүргізіледі. Қазақ тілін білмейтін адамдардың құқығы бұзылмауы үшін аудармашы беріледі. Заң бойынша істі басқа тілде жүргізу керек болса, онда мемлекеттік тілден басқа тілге ауысу үшін уәжді қаулы шығуы керек. Республика бойынша осы бап орындалып жатқан жоқ», - деді Әмір Досжан.

Айтуынша, соттағы аудармашылар төңірегінде де күрделі мәселелер бар.

Біріншіден, маман тапшы. Екіншіден, 25 жылдан бері аудармашылардың азаматтық, қылмыстық істер бойынша алатын нәпақасы өзгерген жоқ. 25 жылда инфляция қаншама рет өзгерді. Аудармашы табу өте қиын, - дейді судья.

Сондай-ақ Жоғарғы сот судьясы Әмір Досжан судьялар үкім шығарар кезде «ел не дейді?» деп жалтақтамауы қажет екенін айтады.

Бұған дейін елімізде 2023 жылы 32 мыңнан аса іс сотта қаралғаны айтылды. Оның ішінде көп тіркелетін қылмыстың қатарында бөтеннің меншігіне қол сұғу, алаяқтық және нашарқорлыққа байланысты әрекеттер бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама