Ұрлық, алаяқтық және нашақорлық: судьялар бір жылда 32 мыңнан аса істі қарады
Әмір Досжан пара беруші болмаса, пара алатын да адам болмайтынына сенімді
Елімізде көп тіркелетін қылмыстың қатарында бөтеннің меншігіне қол сұғу, алаяқтық және нашарқорлыққа байланысты әрекеттер бар. Мұндай ақпаратты Жоғарғы соттың Қылмыстық істер жөніндегі судьясы Әмір Досжан Halyq Uni YouTube арнасына берген сұқбатында айтты.
Қоғамдағы қылмыс алуан түрлі. Қоғам дамыған сайын қылмыстардың ашылуына да қиындап отыр. Алаяқтық – қоғамда көп жасалатын қылмыстың бірі. Статистикаға сүйенсек, 2023 жылы ҚР судьялар қауымдастығы 32 мыңнан астам істі қарады. Оның 10 мыңға жуығы – ұрлық, бөтеннің меншігіне қол сұғу. Екінші орында алаяқтық әрекеті тұр. Үшіншісі – нашақорлыққа байланысты қылмыс, - дейді Әмір Досжан.
Судья алаяқтыққа қатысты істерге тоқталып, мұның көп тіркелуінің бірнеше себебін атады.
Қоғамда оқыған азаматтар көп. Солардың өзі алданып қалады. Халықтың құқықтық сауатсыздығы. Бұл – бір. Екіншіден – мәдениетімідің төмендігі. Қазақта «Бұл не қылған батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық» деген сөз бар. Қаржы пирамидасына келсек, 10-15 адам мыңдаған адамды алдайды. Шығын млрдтаған сомаға жетеді. Бірі келінін, бірі енесін тартып, жылдамырақ үй алып, оңай олжаға кенелгісі келеді, - дейді Жоғарғы соттың Қылмыстық істер жөніндегі судьясы.
Айтуынша, азаматтар заң аясында әрекет етудің орнына ақша беріп, жазаға тартылмауды ойлайды.
«Жоғары лауазымды адамдардың жемқорлық әрекетіне келсек, пара беруші болмаса, пара алатын да адам болмайтын еді. Басына күн туған кезде азаматтар білікті заңгер іздемейді, ақшасын беріп заңның қармағына ілінбесе екен дейді. Осының бәрі сыбайлас жемқорлық, алаяқтыққа әкеледі. Ал аяғында құқық қорғау органы кінәлі деп шығады», - дейді ол.