Кодекс жазуда құқық қорғау органдарының ықпалы көп – Айдын Бикебаев

Ербол Тұрымбет

Сарапшының айтуынша, адвокаттардың көптеген ұсынысы айтылған жерде қалады немесе бұрмаланып кетеді

Әділет министрлігі жанындағы заң жазумен айналысатын жобалар кеңсесі мүшелерінің басым көпшілігі – құқық қорғау органдарының өкілдері. Сол себепті, Кодекстер жазылғанда немесе заң нормаларын Мәжіліске өткізуде олар басым дауыспен жеңіп кете береді. Бұл туралы Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Айдын Бикебаев «Голос Народа» YouTube арнасына берген сұқбатында айтты.

Сарапшының айтуынша, бұрын Қылмыстық, Қылмыстық-процессуалдық және Қылмыстық-атқару кодекстерін Бас прокуратура жазып келген. Бұл жағдай адвокаттардың көңілінен шықпаған.

Президент бұл мәселені Бас прокуратурадан алып, Әділет министрлігіне беру керек екенін айтты. Бұл өте дұрыс шешім. Енді қазір Әділет министрлігі жанындағы жобалар кеңсесінде жазылып жатыр, біз де белсенді қатысып жүрміз, адвокаттарды барынша жұмылдыруға тырыстық. Бірақ оған да көңіліміз толмай отыр, - дейді сарапшы.

Айдын Бикебаевтың сөзінше, Әділет министрлігі Адвокаттар алқасына бейтарап қарағысы келеді, Әрі министрлік те, «Атамекен» ҰКП да адвокаттарды жақтайды. Бірақ жобалар кеңсесі мүшелерінің басым көпшілігі құқық қорғау органдарының өкілі. Сондықтан олар басым дауыспен жеңіп кете береді. Соның кесірінен, адвокаттардың көптеген ұсынысы айтылған жерде қалады немесе бұрмаланады.

«Дегенмен, қазіргі министрдің қолдауымен Мәжіліске кей ұсыныстарымызды өткізуге мүмкіндік туды. Бірақ көп сөзіміз жерде қалады. Тіпті, мынадай да нонсенс болды: жобалар кеңсесінде біз бір ұсынысты Мәжіліске өткізудің қажеті жоқ деп, бәрін көндірген едік. Артынан депутаттар арқылы бұл нормалар өтіп кеткен. Сондықтан бұл ұжымнан біз бірлік көрмей отырмыз», - дейді Айдын Бикебаев.