Halyq Uni логотип
×

Елімізде жемқорлық әрекеті бойынша ақтау үкімі жиі шығады – Адвокаттар алқасының төрағасы себебін айтты

Айдын Бикебаев 2023 жылы құрылған Конституциялық соттың жұмысына қатысты да ойын айтты

 Халық үні 30.01.2024 | 10:40
Елімізде жемқорлық әрекеті бойынша ақтау үкімі жиі шығады – Адвокаттар алқасының төрағасы себебін айтты
Фото: Halyq Uni Media

Елімізде парақорлық әрекеті бойынша сотқа жеткен істердің басым бөлігінде судья ақтау үкімін шығарады. Көрсеткіш басқа істермен салыстырғанда 10 есе көп. Мұндай ақпаратты «Голос народа» YouTube арнасына берген сұқбатында Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Айдын Бикебаев айтты.

«Жемқорлық әрекеті бойынша істерді қарадық. Басқа істерге қарағанда пара алу (пара беру) әрекеті бойынша қаралып жатқан істерде ақтау үкімі 10 есе көп шығарылады. Басқа істер бойынша да осындай ақтау үкімі шыққанын қалайтын едік. Жақында Грузияда болдым. Ол жақтағы әріптестердің айтуы бойынша Грузияда жалпы сотқа жеткен істердің 10%-ында ақтау үкімі шығарылады. Алқабилер қараған істердің тең жартысында сотталушыны ақтап шығады. Демек, адвокаттың жұмысы нәтижесін береді. Ал біздегі статистика еліміздің сот жүйесіне сын болып отыр», - дейді Айдын Бикебаев.

Ол пара беру әрекеті бойынша сотталушыны ақтауға 3 себеп негіз болып отырғанын айтты.

Біріншісі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі полицияға қарағанда 10 есе нашар жұмыс істеуі мүмкін. Бұл олай емес деп ойлаймын, себебі бәрі бір оқу орнын тәмамдаған. Екінші себебі – жемқорлардың қоғамда орныққан, қалталы азамат болуы. Үшіншісі – кәсіби адвокаттармен жұмыс істеуі, - дейді адвокат.

Айдын Бикебаев 2023 жылы құрылған Конституциялық соттың жұмысына қатысты да ойын айтты.

«Конституциялық сот бір жылдан бері жұмыс істеп келеді. Нәтижесі де жаман емес. Негізінен Конституциялық сотқа қылмыстық, қылмыстық-процестік істер бойынша шағым түседі. Басында қазақстандықтар Конституциялық сот бұған дейін шыққан сот үкіміне өзгеріс енгізе алады деп үміттенді. Бір жылда Конституциялық сотқа 5 285 өтініш түскен. Соның 94%-ы қаралмай, кері қайтарылған. Себебі ол істерді қарау Конституциялық соттың құзіретіне кірмейді», - дейді Бикебаев.

Айтуынша, азаматтар Конституциялық сот әділ шешім шығарады деп үміттенді. Ал біраз істің қаралмай қайтарылғаны органның тиімсіз жұмыс істеп жатқанын көрсетпейді.

Айдын Бикебаев Сот реформасы туралы заң жобасына қатысты да ойын айтты. Құжат қазір Мәжілісте қаралып жатыр.

Жұмыс тобына қосыламыз деп ойлаймын, себебі көптеген тұжырымдамалық ережеге қарсымыз. Сот реформасы туралы құжат соттың әділ төрелік етуіне бағытталған. Бұл жерде басқа мәселе бар. Құжат мемлекет басшысы тапсырмасына сәйкес келе ме деген сұрақ туындайды. Президент кассациялық сотты құруды тапсырды. Оны біз де қолдаймыз. Бастысы ол жерде адвокаттардың барлық кассациялық шағымы қаралуы керек. Қазір мұндай өтініштердің небәрі 3%-ы қаралады. Мысал ретінде айтсақ, егер кассациялық шағымды прокурор түсірсе, ол 100% қаралады. Заң жобасында осыған қатысты норманы әлі көрмедік, - дейді адвокат.

Алайда келешекте мұндай норма Сот реформасына қатысты заң жобасына енетініне сенім білдірді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама