Қоғам белсенділері вейптің адамды ұрпақсыз қалдыратын зардабы барын айтып берді
Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды мақұлдап, Сенатқа жолдады. Енді заң аясында Қазақстанда вейптерді әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға толық тыйым салынуы мүмкін. Заң қабылданған жағдайда вейп сатқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Мәжіліс мақұлдаған заңның әзірленуіне мұрындық болған Республикалық Аналар кеңесінің жетекшілері HALYQ UNI ұйымдастарған подкаста вейптің адам денсаулығына тигізетін зияны туралы айтып берді. Сарапшылардың айтуынша, ел мектептерінде қолға алынған «Қауіпсіздік сағаты» жобасы аясында оқушылар арасындағы жаңа ұстатарлық жағдайлар анықтала бастаған.
Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Баян Ақатайдың айтуынша, мектептердегі вейп тұтынатындардың арасындағы ең жасы 2-сынып оқушысы болып шыққан.
Анасы «маған анонимді аддиктолог тауып бересіз бе?» деп хабарласты. Оның өзі де вейпке тәуелді. Баласына сөзі өтпейді, - дейді сарапшы.
Сарапшының дерегінше, ресми статистика ер балалардың 13%-ы, қыздардың 6%-ы мектеп жасында вейп шегетінін көрсеткен. Ал, жалпы зерттеу нәтижесі көрсеткендей, вейп тұтынушының өзінен гөрі болашақта дүниеге әкелетін баласына қатты залал келтіреді екен.
«Қыздар вейпті бала күнінде пайдаланса, ол жатырға ізін қалдырмай қоймайды. Ер балалардың да белсіздікке ұшырауына әбден себепкер болатын дүние. Қазақта «тұқымың тұздай құрысын» деген ауыр сөз бар. Вейп деген – байқалмай әсер ететін өте зиянды нәрсе. Мұны ұлттық қауіпсіздік мәселесі деңгейінде қарастыру керек», - дейді Баян Ақатай.
Республикалық Аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Шанаи вейптің өкпеге қалай зиян келтіретінін баяндады. Оның сөзінше, шөптен жасалған темекідегі никотиннің үлесі – 2%. Ал вейпте 67% және бұл табиғи никотин емес – химиялық жолмен жасалған жасанды никотин. Одан зиян шеккен адам түбегейлі емделе алмайды. Сондықтан вейп никотинге деген тәуелділікті жояды деген сөз мүлде өтірік.
Одан бөлек, вейп шегетін адам 2 жылдан кейін демікпеге шалдығып, кейін дәстүрлі темекіге көшеді екен. Сарапшы «вейптің темекіге қарағанда зияны аз» деген зерттеуді темекі компанияларының қаржыландырып отырғанын айтады.
Егер өкпе ауаны, газды өткізетін орган болса, ал оған май құйса, май ауыр болғандықтан өкпенің астына түседі. Астына түскен сайын май өкпенің ішкі етін жейді, тарқатып жібереді. Толыққанды EVALI ауруына шалдығып, өлген адамның өкпесінің сырты ғана қалып, іші майға толады екен. Оның қайта емделетін мүмкіндігі жоқ дейтіні: өкпені ауыстырмаса, емдейтін жері қалмайды. Ал адам өкпесінің 50%-ы майға толып қалғанша білмейді. Жартысынан асқан кезде жасына қарамастан екі қадам басса тұншығатын жағдайға жетеді, - дейді Нәзипа Шанаи.