Ресей президенті екі ел арасындағы экономикалық байланыстардың «құрылымын өзгерту» қажеттігі жайлы да айтты
Ресей президенті Владимир Путин 23 желтоқсанда Мәскеуде журналистермен өткен баспасөз мәслихатында Қазақстанды «толық мағынасында орыс тілінде сөйлейтін ел» деп атады.
«Қазақстан – ең жақын одақтастарымыздың бірі. Қазақстанмен бірегей қарым-қатынас қалыптасты» дей келе, Владимир Путин орыс тілін сақтауға және дамытуға мұқият қарап отырғаны үшін Қазақстан басшылығына ерекше алғыс айтты.
Бізде терең гуманитарлық байланыс бар. Орыс тіліне деген құрметі мен қолдауы үшін Қазақстан билігіне алғыс білдіремін. Қазақстанда қанша адам орыс тілін үйреніп жатқанын өздеріңіз де білсіздер. Ол – толық мағынасында орыс тілінде сөйлейтін ел. Орыс тілінде оқытатын мектептердің, ресейлік жоғары оқу орындары филиалдарының саны артып келеді, оларға конкурс та көп, - деді қазақстандық журналистің сұрағына жауап берген РФ президенті.
Бұған қоса Ресей президенті екі ел арасындағы экономикалық байланысты нығайту турасында да сөз етті.
Ынтымақтастық бағыттарына келсек, бұл ең алдымен, экономика. Басты проблеманың бірі – біздің экономикалық байланысымыздың құрылымын өзгертіп, жоғары технологиялық даму бағыты бойынша жұмыс істеу керек. Бұл цифрландыру, генетика, медицина, ғарыш салалары. Қазақстанмен Байқоңырдағы бірлескен жұмыстарды жалғастыра береміз. Егер бірге жұмыс істейтін болсақ, онда Қазақстанның ғарыш аппаратын ұшыратын алаң қызметін ғана атқармай, әлдеқайда ауқымды іс-әрекетке араласып, осы бағыт бойынша өз әлеуетін арттыру қажеттілігі туралы оймен толық келісемін, – деді Путин.