Тілек Мұханбетқалиев бәс тігуге рұқсат беру спортты дамытатын қозғаушы күш болады деп санайды
Қазақстанда бәйге спортына бәс тігуді рұқсат ету керек. Дубайдағы Мейдан ипподромында өткен бәйгеде жеңіске жеткен Кабирхан атты тұлпардың иесі Тілек Мұханбетқалиев осындай ұсыныс айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Оның айтуынша, әлемнің бірқатар елінде мыңдаған көрерменге есептелген ипподромдар бар. Мәселен, Дубайдағы «Мейдан» ипподромына 80 мың адам сыяды. Америкада 100 мың орын, Францияда 70 мың, ал Жапонияда 150 мың көрерменге есептелген ипподром жұмыс істейді.
Дубайда бәйгеге бәс тігу атымен жоқ. Биылдан бастап стадионның ішіне тотализатор орнатқалы жатыр. Сол үшін АҚШ-тың букмекерлерін шақырған. Оны енгізу туралы ақпарат біраздан айтылып келді, ашық дереккөздерде ол туралы ақпарат бар. Неге десеңіз, Англия, Жапония, Ресей және басқа да ірі жарыстар өтетін барлық жерде, яғни ипподромның ішінде ставка қоюға болады. Тіпті, түріктерде де бұл тәжірибе бар, жақсы дамып кеткен. Сондықтан біз мемлекеттік органдарға, депутаттарға хат жазып, тотализатор болмай бәйге спорты көтерілмейтінін айттық, - деді Мұханбетқалиев Ұлттық спорт қауымдастығының YouTube арнасына берген сұқбатында.
Сондай-ақ ол ипподромның ішінде бәс тігуге рұқсат беру арқылы бәйге спортын дамытуа болады деп есептейді.
«Бұл бәйге спортын дамытатын қозғаушы күш болады. Себебі спорттың жүлде қоры көбейеді. Букмекерлер жиналған қаражаттың бір бөлігін ғана өзіне қалдырып, қалғанын жарысты ұйымдастыру мен жүлде қорына жұмсайтындай етіп заң шығару керек. Мысалы, France Galop деген букмекерлік кеңсе бар, олардың айналымы 12 млрд еуро. Олар 1 млрд еуро салық төлейді. Шамамен 450 млн еуродай қаржыны жүлдеге салады. Сондықтан бізге де осыған талпыну керек», - деп толықтырды ол.
Еске сала кетейік, Қазақстанның Ұлттық спорт қауымдастығы Youtube платформасында канал ашты. 2024 жылдың 23 қаңтарында Дубайда өткен бәйгеде мәреге бірінші болып келген Кабирхан тұлпарының иесі Тілек Мұханбетқалиевтің сұқбаты жарияланған болатын. Бұл тұлпар 2024 жылдың 12 қаңтарында Дубайдың Мейдан ипподромында өткен жарыста 2 мың шақырым қашықтықта мәреге бірінші болып жетті. Екі екі аптадан кейін ол Al Maktoum Challenge екінші кезеңінде өнер көрсетеді. Турнирдің жүлде қоры 100 мың дирхамды құрайды (шамамен 25 млн теңге).