Halyq Uni логотип
×

Шабандоздар мектебі мен ипподром мәселесі: Дубайда жеңіске жеткен тұлпар иесі сұқбат берді

Айтуынша, бір жылқыны күтіп-баптауға айына 300 мың теңге жұмсалады

 Халық үні 25.01.2024 | 10:52
Шабандоздар мектебі мен ипподром мәселесі: Дубайда жеңіске жеткен тұлпар иесі сұқбат берді
Тілек Мұханбетқалиев, Halyq Uni

Қазақтың шабандоздарына лицензия алу қиын. Мұны Дубайдағы Мейдан ипподромында өткен бәйгеде жеңіске жеткен Кабирхан атты тұлпардың иесі Тілек Мұханбетқалиев айтты.

Ол Ұлттық спорт қауымдастығының YouTube арнасына берген сұқбатында шабандоздың қалай таңдалатынына қатысты айтты.

Қазақ шабандозы шабуы үшін лицензиясы болуы керек. Лицензиясы болмаса, халықаралық жарыстарға қатыса алмайды. Бізде шабандоздар мектебі жоқ. Бұл салада мәселе көп. Бізге мемлекет көмектессе, дамимыз. Қазақ жылқының үстіне өскен халық, - дейді ол.

Айтуынша, қазір елімізде ипподромдардың жағдайы мәз емес. Тіпті Алматы ипподромы жеке тұлғаларға өтіп кеткен.

Қазақстанда дұрыс ипподром қалмады. Алматы ипподромы жекенің меншігінде. Жеке болған соң ақша бөлінбейді. Оны Үкімет қайтарса, көмектессе дейміз... Ресейде бұған қатты көңіл бөледі. Оларды Президент кубогі өтіп тұрады. Бізде бәйгені аталарының рухына бағыштап өткізеді. Бізде Президент кубогі, жергілік жерде жарыстар ұйымдастыруға демеушілер қажет, - дейді Тілек Мұханбетқалиев.

Сондай-ақ жылқы иесі Кабирханның жеңісіне қатысты да ойын айтты. Оның сөзінше, жылқы мен шабандоз еңбегінің арқасында ғана жетістікке жетуге болады. Ал бір жылқыны күтіп-баптауға айына 300 мың теңге жұмсалады. Бұл қаражатқа жаттығу мен жем-шөбі кіреді.

Айта кетейік, Қазақстанның Ұлттық спорт қауымдастығы Youtube платформасында канал ашты. 2024 жылдың 23 қаңтарында Дубайда өткен бәйгеде мәреге бірінші болып келген Кабирхан тұлпарының иесі Тілек Мұханбетқалиевтің сұқбаты жарияланды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама