Halyq Uni логотип
×

Қазақстанда шынайы оқиғаға негізделген фильм көрерменге жол тартпақ

«Жизнь после» фильмінде басты рөлді Рүстем Жаныаманов пен Жанель Мақажанова сомдайды

 Гүлбаршын Нұрхан 24.01.2024 | 16:54
Қазақстанда шынайы оқиғаға негізделген фильм көрерменге жол тартпақ
Фото: Halyq Uni

2024 жылдың наурызында Қазақстанда жаңа фильм көрерменге жол тартады. Бұл - мүгедектігі бар адамның өмірін көрсететін, шынайы оқиғаға негізделген қазақ киноиндустриясындағы алғашқы фильм. «Жизнь после» фильмнің продюсері Арнұр Ысқақ Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында фильмнің негізгі ерекшелігі мен идеясы жайлы айтып берді.

Арнұр Ысқақ осыдан 15 жыл бұрын суға батқан қызды құтқарамын деп, мойын омыртқасын зақымдап, арбаға таңылған. Ол қазір «Қанаттылар» инклюзивті театрының директоры. Өз басынан өткен қиындықтарды фильмге арқау етіп отыр.

Фильм 2017 жылы түсіріліп, 2020 жылы жарыққа шығуы керек болған. Түрлі себептерге байланысты оны үлкен аудиторияға шығарудың реті келмей, биыл наурызда кинопрокатқа шығару жоспарланған.

«Кино 2020 жылы жарыққа шығуы керек еді, бірақ ол кезде пандемия болып, шығара алмадық. Одан кейін аты шыққан продюсерлердің комедия жанрындағы кинолары нарықты жаулады. Бұл коммерциялық кино болғандықтан, дистрибьюторлар сондай киноларды бірінші прокатқа жібереді. Осындай кедергілер болған соң жұмысымыз біраз тоқтап қалды. Кейін 2021 жылы шығарамыз деп ойладық, бірақ ол жылы театрдың жұмыстарымен айналыстым. Осылай уақытын өзгертіп жүргенде кинотеатрлар орталығымен 2024 жылдың 24 қаңтарында шығарамыз деп келістік. Одан кейін жарнама жағынан үлгере алмай, 21 наурызда жарыққа шығады деп жоспарлап отырмыз», - дейді Арнұр Ысқақ.

Айтуынша, Арнұр Ысқақтың өзіне осы киноға түсуіне ұсыныстар болған, бірақ ол кәсіби мамандардың көмегіне жүгінген. Фильмде еліміздегі белгілі актерлер Рүстем Жаныаманов пен Жанель Мақажанова басты рөлді ойнайды. Фильмнің режиссері – Ерлан Нұрғалиев. Ал продюсері – Арнұр Ысқақ.

Маған бұл фильмде өзің ойна деген ұсыныстар айтылды, алайда одан бас тарттым. Себебі, медицина саласынан мәдениет саласына келгенім бар, менде қорқыныш сезімі болды. Сондай-ақ менің жүріп жүрген кезімді кинода көрсету керек болды. Сондықтан мен кәсіби актерлер мен мамандарға жүгіндім. Киноны түсіру барысында техникалық қызметтерді атқару кезінде ерекшелігі бар азаматтар жұмыс істеді.

Менің рөлімді Рүстем Жаныаманов ойнады. Ол менің жанымда бір апта жүріп зерттеді. Рүстем менің жүріп жүрген кезімнен арбаға таңылған кезіме дейінгі өмірімді толық ойнап шықты. Ал әйелім Лаураның рөлін Жанель Мақажанова сомдады. Біз кино басталмай тұрып, олармен тығыз қарым-қатынаста болып, бір бірімізді зерттедік. Жанель де, Рүстем де жоғары деңгейде алып шықты деп ойлаймын, - деді ол.

«Жизнь после» фильмінде Арнұр Ысқақтың басынан өткен оқиғалар мен қиындықтар көрсетіледі. Фильмнің атауы бұған дейін бірнеше рет өзгертілген. Бастапқыда фильм француздың комедиялық драма жанрындағы «1+1» фильмі секілді түсірілмек болған.   

«Киноның аты үш рет өзгертілді. Алғашында «Мой особенный друг» болды, одан кейін «Мой друг инвалид», кейін кино түсіріліп болғаннан кейін «Жизнь после» болып өзгертілді. Басында кино сценарийі «1+1» фильмінің форматында жазылды. Сала мамандарымен ақылдаса келе алысқа ұзамай, менің және менің жарымның өмірінде болған оқиғалар мен қиындықтары негізінде жазылып шықты. Бұл кинода комедия элементтері де бар. Жалпы тек трагедияны ғана емес, әзілді да қосып беруге тырыстық», - дейді Арнұр Ысқақ.

Арнұрдың айтуынша, шынайы оқиғаға негізделген, ерекшелігі бар адамдардың өмірін бейнелейтін кинолар Қазақстанда жоқ. Ол басына түскен қиын күндері мотивация беретін фильм таппаған. Сондықтан осы бағытта фильм түсіру идеясы пайда болған.

«Бұл фильм дені сау адамға шүкіршілік, ал ерекше азаматқа мотивация береді. Өйткені менің өзім сол арбаға танылған кезде осындай бағыттағы киноларды іздеп, таппадым. Қазақ киносындағы инклюзивті фильмнің алғашқы продюсері болғандықтан, менің де артымнан бір жақсы дүние қалса деген ниетім бар.

«Өмірге болған оқиғаға негізделген» деген сөзді жазған кезде ойланып қалдым. Шынайы оқиғаға негізделген шетелдік киноиндустрияда керемет кинолар жетерлік. Ал бізде осындай фильм неге жоқ? Біздің тіпті театрда да онкологияны жеңіп шыққан, ауруды жеңіп аяққа тұрған азаматтар өте көп. Тек бір тағдырға арнап фильм жасамаса да, неге ерекше тұлғалар жайлы кинолар түсірмейді? Мәселен, Димаш Құдайберген, Геннадий Головкиннің өміріне негізделген фильмдер түсіруге болады. Ұлтқа шынында да үлгі көрсететін тұлғалар жайлы пайдасы бар, мотивация беретін фильмдер түсіру керек деп ойлаймын.

Қазір бізде комедия көп түсіріліп жүр. Жақында түсірілген «Дәстүр» фильмі осы бетбұрысты өзгерте алды деп ойлаймын», - дейді Арнұр Ысқақ.

Арнұр бұл киноны көрермен қалай қабылдайды деп қобалжып жүргенін айтады. Ең бастысы, мүгедектігі бар адамдарға мотивация беретін фильмдерді сондай адамдардың өздері түсіргені жөн. Ол келешекте жаңа жобаларды жүзеге асырып, жалпы кино түсіру жоспарында бар екен екенін атап өтті.

Кино орыс тілінде түсірілген. Неге қазақша түсірілмеген деп сұрайтындарға патриот болу тілге байланысты емес, ол жүректе деп жауап беремін. Елімізде 700 мыңға жуық ерекше азамат болса, оның көбі орыстілді. Көп ойланып орыс тілінде шығару туралы шешім қабылдадық. Кейін қазақша дубляжбен және шет тілдеріне аударылып беріледі.

Менің өмірімдегі оқиға біреуге мотивация беріп, оның аяқтан тұруына себепкер болса, соның өзі үлкен жетістік болар еді. Осы кинодан кейін тоқтап қалмай, бұл саланы меңгеріп, басқа да фильмдер түсіремін деп ойлаймын, - деді Арнұр.

Арнұр Ысқақ өзінің басынан өткен оқиғаны баяндап, кітап жазған. Кітап фильмнен бұрын 10 наурызда жарыққа шығады. Ал осы оқиға желісі бойынша «Қанаттылар» театрында спектакль де қойылады. Қойылымда Арнұр Ысқақтың өзі басты рөлді сомдайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама