Триатлоншылар он жылдан бері Олимпиадаға жолдама алған жоқ – министр
Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Азиаданың алдында берген уәдесін орындамады
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев триатлон федерациясының басшылары және жаттықтырушылар штабымен кездесті.
Жиында федерация өкілдері триатлоннан ұлттық құраманың 2023 жылғы нәтижелерін қорытындылап, алдағы бәсекелерге дайындық жоспарын таныстырды.
Триатлоннан Қазақстан құрамасы былтыр халықаралық жарыстарда тәуір нәтиже көрсеткенмен, Қытайдағы Азия ойындарында бәсеке алдындағы өз міндеттемелерін орындай алмады. Яғни, ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Азиаданың алдында 1 күміс медаль жеңіп алуға уәде бергенмен, іс жүзінде тек 1 қола жүлдеге ие болды.
Қазақстан триатлонының халықаралық аренада жеңіспен өрілген жақсы дәстүрі бар. Атап айтар болсақ, еліміздің даңқты триатлоншысы Гааг Дмитрий 1999 жылы әлем чемпионатында топ жарып, Сидней Олимпиадасында өнер көрсетті. Өкінішке қарай, Жасыл құрлықтағы аламанда отандасымыз төртінші орынды қанағат тұтуға мәжбүр болды. Сонымен қатар біздің спортшылардан Михаил Кузнецов Сидней Олимпиадасына, Данил Сапунов Афина Олимпиадасына қатысқан еді. Алайда олар да жүлделі орындардан көріне алмады. 2012 жылдан бері спортшылар триатлоннан Олимпиада лицензиясын жеңе алмай келеді. Сондықтан алдағы уақытта отандық триатлонды жандандырып, нәтижеге жұмыс істеу керек, – деді Ермек Маржықпаев.
Сонымен қатар министр Олимпиялық ойындардың қарсаңында триатлон федерациясына Олимпиада жолдамасын иеленуге мүмкіндігі бар ұлттық құрама көшбасшыларын жеке жоспар бойынша дайындау, 2024 жылға арналған спорттық-бұқаралық іс-шаралардың күнтізбесін сапалы жасау, халықаралық ұйымдардағы өкілдеріміздің санын арттыру және халықаралық деңгейдегі төрешілерді даярлау жөніндегі жұмысты жалғастыру сияқты бірқатар тапсырма берді.