Ильяны жасына қарамай, жарысқа апардық – жаттықтырушы Олимпиададағы жеңіс туралы
Білікті маманның болжамы дәл келіп, спортшы алтын медаль алды
Шаңғымен тұғырдан секіруден Қазақстан командасының аға жаттықтырушысы Қайрат Биекенов Оңтүстік Кореяның Канвон провинциясының Каннын қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы қысқы Олимпиадада алғашқы алтын медальді жеңіп алған Илья Мизерныхтың тарихи жеңісі туралы айтты.
Olympic.kz-тің хабарлауынша, Олимпиада басталмай тұрып, Биекенов Илья Мизерныхтан үлкен үміт күтетінін, оның бас жүлдені жеңіп алуға мүмкіндігі көп екенін айтқан болатын. Білікті жаттықтырушының болжамы дәл келіп, ол жарыстың бірінші күні шаңғымен тұғырдан секіруден жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы атанды.
Ильяның жеңісі еліміз үшін үлкен жеңіс болды. Ол Олимпиадаға қатысып жатқан басқа спортшыларға үлкен үміт, сенім оятты. Біз бәріміз Ильяның алтын жүлдесіне қуанып жатырмыз. Бұл – Қазақстан үшін де, еліміздегі шаңғымен тұғырдан секіру спортшы үшін де үлкен жетістік. Мен бұған дейін осы спортшының жүлдеге таласатынын айттым. Айтқаным рас болып шықты. Біз Ильяны Ойындарға мақсатты түрде дайындадық. Оны жасына қарамай, ересектер құрамасына қостық. Былтырғы қарашадан бастап ол ересектер арасындағы Әлем кубогы кезеңдеріне қатысып, тәжірибе жинай бастады. Әлем кубогында жиған тәжірибе Ильяға Олимпиадада көмек болды, – деді Биекенов.
Оның айтуынша, жасөспірімдер Олимпиадасында Илья Мизерныхтың қарсыластары туралы мәлімет мүлде аз болған. Сол себепті бар жауапкершілік өз спортшыларымызға артылды.
Бар жауапкершілікті өзімізге арттық. Ал қарсыластарға келер болсақ, олардың басым бөлігін жарыстарда байқамадық. Бәрі де жас спортшылар. Олар былтыр Әлем кубогы кезеңдеріне қатыспады. Десе де, болашақта олардан мықты атлет шығатыны сөзсіз. Илья да өте еңбекқор бала. Бұл жетістігіне таза еңбекпен жетті, – деді жаттықтырушы.
Айта кетсек, Илья Мизерных Канвондағы жасөспірімдер Олимпиадасында шаңғымен тұғырдан секіруден 38 елдің спортшысымен сынға түсіп, топ жарған болатын.