Halyq Uni логотип
×

Алматылық ата-аналар «Жас Ұлан» мектебінің колледжге айналуына наразы

Оқу ордасы келесі оқу жылынан бастап балаларды қабылдамайды

 Еркеғали Болатұлы 19.01.2024 | 11:21
Алматылық ата-аналар «Жас Ұлан» мектебінің колледжге айналуына наразы
фото: novoetv.kz

Алматыдағы Бауыржан Момышұлы атындағы әскери мектеп төңірегінде дау туды. Қорғаныс министрлігі мекемеге колледж мәртебесін беру туралы шешім қабылдап, бұған дейін оқуға түскен 163 студентке қарапайым мектептерге оралуды ұсынған. Ал ата-аналар балаларының арманы аяқасты болып жатқанына наразы. Бұл туралы 31 арна хабарлады.

Шағым білдірген ата-аналардың балалары әскери болуды армандайды. Олар қиын іріктеу кезеңінен өтіп, соңғы күші қалғанша жаттыққанына қарамастан мақсатына жетпей қалу қаупі бар.

Біз өте қатал іріктеу кезеңінен өттік. Балалар физикалық және академиялық пәндер бойынша дайындалды. Бірінші карантинде сонда 40 күн өмір сүрді, біз – ата-аналар оларды көрмедік. Балаларға бұл өте қиын болды. Енді олар үйреніп, өзін үйдегідей сезінген кезде қайтадан мектептерге жіберіліп жатыр. Біз олардың әскери мектептен кейін азаматтық мектепте өзін қалай сезінетінін білмейміз, – дейді ата-аналардың бірі Татьяна Ким.

Тағы бір ата-ана Күлән Сердешованың айтуынша, ұлы сонда оқығысы келетінін, болашақта Отанын қорғағысы келетінін жеткізген.

Қанша жыл бойы барын салды, спорпен шұғылданды. Ал енді бізді тарқатып жатыр. Бұл оның үлкен арманы еді, енді оның күл-талқаны шығып жатыр. Оларға оқуын аяқтауға мүмкіндік беріңіз, өтінемін, – дейді ол.

Ал әкімшілік ата-аналардың шағымын қабылдамады. Олар құжаттарды қабылдау кезеңінде де колледж мәртебесін алу мүмкіндігі туралы ескертілгенін алға тартып отыр.

Құжаттарды қабылдайтын күндері біз тағы 5 күн жүрдік. Өзім шығып, бұл туралы ата-аналарға хабардар еттім. Жобада 2024 жылы мектеп әскери колледжге айналады. Бұл туралы барлық ата-анаға жазбаша түрде ескертілді, – деп түсіндірді республикалық «Жас Ұлан» мектебінің жетекшісі Нұрлыхан Ерекешов.

Бұл жағдайға Қорғаныс министрлігі де түсінік берді.

Бүгінде «Жас Ұланның» үш республикалық мектебін әскери колледжге айналдыру жоспарланып отыр. Қазір Алматы және Қарағанды қалаларындағы республикалық мектепте 10-11 сынып оқушылары оқиды. Олардың оқуын аяқтауына жағдай жасап отырмыз, – деді Қорғаныс министрлігі әскери білім және ғылым департаменті бастығының орынбасары Талғат Қалышев.

Демек бұл екі оқу ордасы келесі оқу жылынан бастап мектеп оқушыларын қабылдамайды. Екі мектеп те колледж мәртебесін алады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама