Кенжехан Матыжанов: Ұлттық құрылтайдан үлкен үміт бар
Биыл Ұлттық құрылтай Атырау қаласында өтеді
Осыдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысының жарлығымен Ұлттық құрылтай құрылған болатын. Алғашқы жиын былтыр Ұлытауда өтті. Онда көбіне ұлттық құндылықтарға негізделген мемлекеттің болашақ дамуы туралы ұсыныстар айтылды. Келелі жиын жалғасын тауып Түркістанда ұйымдастырылды. Ел дамуына қатысты көптеген мәселелер көтерілді. Осы тақырыпқа байланысты М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кенжехан Матыжановпен әңгімелескен едік.
- Кенжехан Ісләмжанұлы, сіз филолог болған соң ең алдымен «құрылтай» сөзі қайдан бастау алды, оның мағынасына тоқталсақ? Бұл сөзді соңғы жылдары көп қолданып жүргенімізбен бізді оқитын жастар бар дегендей...
- Құрылтай бұл көне түркі сөзі. Түпкі мағынасы құралу, жиналу, түгелдену дегенге келіп тұр. Құрылтай сөзінің ресми белең алған кезі тарихи деректер бойынша Шыңғысхан заманымен байланысты. Шыңғысхан өз заманында қағандарды, сайлау кезінде ұлыстардың билеушілерін тағайындайтын кезде құрылтай шақырып отырған. Сонымен қатар, елдің ішкі-сыртқы саясаты осы құрылтайларда талқыға салынған. Ел билеп отырған ханның келесі жылдарға арналған бағыт-бағдары белгіленген. Сыртқы жаулармен қандай қарым-қатынас жасау керек? Қандай жерлерге жорыққа аттанамыз? Елдің ішкі экономикасын қалай шешу керек? Осындай іс-шараларға ерекше мән берген. Қазақ хандығы тұсында да құрылтай термині кеңінен қолданылған. Қазақ қоғамы өзінің алғашқы билік жолын Шыңғысханның ұрпақтарынан алғандықтан осы құрылтай формасын ерекше тиімді пайдаланған. Әсіресе, көктем шыққанда мемлекеттің алдында тұрған келелі шаруаларды ақылдасқан. Бұны бір кездері «хандық кеңесі» деп атаған. Тәуке ханның тұсында да құрылтай термині көп қолданылды. Әсіресе қазақтың үш биінің кеңесі болған кезде де құрылтай жүйелі түрде шақырылды. Ол құрылтайға әйгілі қолбасшылар, батырлар институты, билер институты, ақсақаладар, ру басшылары түгел жиналып отырған. Және осы жиында алдағы бір жыл бойы жасалатын шаралар жөнінде әңгіме болған. Сонымен қоса ел ішіндегі дау-дамайлар, жер дауы, жесір дауы, жалпы тайпалардың, рулардың қай жерге қоныстануы жөнінде, сыртқы қарым-қатынасқа қатысты сауалдар осы құрылтайда қойылған. Құрылтайға ұсақ-түйек емес, мемлекеттік маңызы бар мәселелер шығарылатын болған. Ал шешімдердің қабылдау Хан кеңесінің құзырында юолған. Ал кейінгі кезеңде хандар институты жойылған кезде құрылтайдың рөлі төмендеді. Одан кейін Алаш дәуірінде құрылтай формасын жақсы пайдаланған. Олар өздерінің шақырған алғашқы съездерінде құрылтай тәсілін жақсы қолданған. Кейін тәуелсіздік алғаннан кейін бұл институт жаңа сапаға ие болды. Мәселен, ең алғашқы құрылтай - шетелдегі қазақ диаспорасының жиналуы. Қандастарымызбен бірге өткен бұл алқалы жиын - біздің тарихымызда шетелдік қазақтардың құрылтайы ретінде есімізде қалды. Қазір Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы форманы Жаңа Қазақстанға қолданып жатыр. Яғни Ұлттық құрылтай – Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган. Бұл - қоғамдық ұйымдардың билік саласына белсенді араласуына кең қолдау көрсететін мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі деп ойлаймын.
- Ұлытаудан бастау алған Ұлттық құрылтай биыл көктемде өтеді деп жоспарлануда. Бұл жолғы басқосудың маңызы неде деп ойлайсыз?
- Иә, осыған дейін он жылдық үзілістен соң Ұлттық Құрылтай екі рет өтті. Ұлытау және Түркістан секілді киелі жерде өтуінің өзіндік бір символикалық мәні бар. Биылғы Батыста өтеді деп жоспарланған жиында жаңа мәселелер көтеріледі деген ойдамын. Менің ойымша, осы құрылтайда мемлекет басшысы өзінің жыл сайынғы Жолдауын жасайтын шығар. Бұл құрылтайдың мәні неде десек, біз парламентті халықтық биліктің жоғарғы формасы ретінде көреміз. Ұлттық Құрылтайдың мәні Парламенттен де кеңірек болатын шығар деп ойлаймын. Өйткені бұл құрылтайға республикадағы қоғамдық ұйымдардың өкілдері, кәсіпкерлік өкілдері, саяси партиялар, қоғам белсенділері қатысады, олардың барлығы ұлттық құрылтайға мүше болып табылады. Осылардың барлығының араласуы бойынша көп түйткілдердің түйіні шешіледі деген үміттеміз. Сонымен қатар, алдыңғы құрылтайларда айтылған жайттар қаншалықты реттелді, несі орындалды, несі орындалмады? Ондағы өзекті мәселелер қандай? деген халықтың сауалы көп. Міне, осының барлығын құрылтайда ашық талқылауға мүмкіндік мол. Сонымен қоса, біздің жаңа Қазақстан жағдайында экономика, ішкі саясат, ғылым, білім, мәдениет салаларындағы күрделі проблемаларды халықпен бірге қалай шешу керек деген ой-пікірлер ортаға салынуы тиіс. Бұл ретте еркіндік беріледі деп ойлаймын. Билік басындағылар елдегі жағдайды шынайы біліп отырғаны абзал. Президентіміз Қ.К Тоқаев Ұлттық құрылтайды өте сәтті құрды деп ойлаймын. Мемлекеттік билік пен қоғам арасындағы бірлескен жұмысты реттеп отыруға ықпал етеді деген үміттеміз.
- Ұлттық құрылтай – жаңа бастама. Дегенмен де осы алқалы жиын саяси күшке айнала ала ма? Басқосуда айтылған көкейкесті мәселелер өз шешімін таба алады ма?
- Құрылтайда көтерілген өзекті мәселелер шешімін табу үшін бұл жиынның формасын жетілдіре түсу қажет деп ойлаймын. Әсіресе қоғамдық ұйымдардың өкілдері, кәсіпкерлер, саяси партиялар өздерінің ұсыныс-тілектерін жүйелеп барып ортаға салса. Өйткені шашыраңқылық бар. Содан кейін одан жүйелі нәтиже шықпай жатады. Сондықтан Құрылтайға дайындық кезінде көтерілетін проблемаларды бір жүйеге салып, тіпті қажет болса Мемлекеттің, Үкіметтің алдына қойылатын сауалдарды арнайы ұсыныс ретінде берсе, соны үкімет өз қолына алып жұмыс істейтін болса құба құп. Елдегі мәселелерді жинақтап, соның шынайы бейнесін жеткізе алатын азаматтар мінберге шығып сөйлесе дұрыс болар еді. Бұл оңтайлы шешімдер қабылдау үшін қажет. Әрине, Құрылтайда көтерілген мәселелер Президент аппаратына жетіп, одан ары қарай әкімдіктерге жеткізетін өзіндік жүйесі бар. Енді соның қадағалау ретін әлі де жетілдіре түссек екен. Осы орайда қоғамдық бақылау, қоғамдық пікірді қалыптастыру маңызды. Халықтың арасында болып жатқан мәселелерді жинап-теріп әкеліп Президент назарына ұсынып жатса - бұл үлкен өрлеу туғызады, дамуға бастайды. Халықтың билікке деген сенімін, мемлекеттік ұйымдардың, қоғамдық ұйымдардың жауапкершілігін арттырады. Қазір әлеуметтік желіде түрлі мәселелер көтеріліп жатады. Ол мәселені кім көтерді, ол қалай шешілді? Артында ешқандай жауапкершілік жоқ. Сол мәселені көтерген адамға да жауапкершілік жоқ, оны орындамаған адамға да жауапкершілік жоқ. Сол жерде айтылды, сол жерде қалды деген болмауы керек. Осының бәрін заңмен жүйеленсе дұрыс болар еді. Заңмен реттеу керек болса Парламентке ұсынып, бағдарламамен реттеу керек болса Үкіметке тапсырса, аймақтық дәрежеде жүзеге асыру қажет болса, өңір басшыларына тапсырма берілуі тиіс. Нақты тапсырмалар берілсе, оның артындағы сұрауы да, бақылауы да күшті болса деген тілек бар. Жай ағана айтылып қана қоймай, ол мәселені шешудің тетіктерін ойластырса құрылтайдың пәрмені әлдеқайда күштірек болар еді.
- Қоғам үнін жеткізетін тиімді пікірталас алаңына айналдыру үшін Құрылтайға тағы қандай жаңашылдықтар қажет деп ойлайсыз?
- Құрылтай мемлекеттік саясатты анықтауға үлкен септігін тигізеді деп айтуға толық негіз бар. Бұдан бұрын өткен Құрылтайларда қозғалған тақырыптар халық арасында үлкен резонанс туғызды. Осы мәселелердің есебін әр құрылтай өткеннен кейін айтып отырса жөн болар еді. Өткен басқосуда мына мәселе көтерілді, қазір ол былай шешілді деп есеп беріп отырғаны дұрыс деп санаймын. Бұл өз кезегінде Құрылтайдың мән-маңызын арттыра түседі. Еститін Үкімет құруда, билік пен халықты жақындастыра түсуде азаматтық қоғам құру үшін демократиялық формадағы мәселелердің болуы – біздің Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстанның келешек жұмысына жақсы ықпал етеді. Құрылтайды әлі де дамыта түсу керек. Құрылтайға барып, босқа сөз сөйлеп кеткеннен ештеме шықпайды. Ұлттық құрылтайға алдын ала тыңғлықты дайындық қажет. Негізі, құрылтайдың жұмысы Үкіметтің де Парламенттің жұмысынан да әлдеқайда кеңірек. Құрылтайды халыққа бір табан жақын ұйым деп айтар едім. Қоғам мен билікті жақындастыратын үлкен мәні бар мемлекеттік биліктің ең жоғарғы демократиясы ретінде қалыптасуға мүмкіндігі бар орган. Мұндай орган Орта Азия елдерінің көбінде бар. «Келісіп пішкен тон келте болмас демекші», менің ойымша, құрылтай алдағы уақытта жаңа формаға өтеді. Өйткені Ұлттық Құрылтайға халық үлкен үміт артып отыр.
- Сұхбатқа рахмет!
Сұхбаттасқан: Сандуғаш Райым