×

Кипр клубы Максим Самородовты командаға шақырды

Макс, бері қарашы. Мен саған мынадай ұсыныс айтқым келеді, - деді Савин

 Дастан Жұмабекұлы 18.01.2024 | 13:35
Фото: sport24.ru

Кипрдың «Красава» футбол клубының президенті Евгений Савин ұлттық құрама мен «Ақтөбе» клубының шабуылшысы Максим Самородовты командаға шақырды.

Ол футболшыны «Красава» жасағына сатып алғысы келетінін айтты.

Макс, бері қарашы. Мен саған мынадай ұсыныс айтқым келеді. Сен ұсыныстан бас тартпайды деп ойлаймын. Енді ол жағын өзің көресің. Биылғы маусымда «Красава» жоғарғы лигаға шықса, сен бізге келесің. Чемпионатта 20 гол салсаң, Италияның «Торино» клубына кетесің. Біз ақша табу үшін сені «Ториноға» сатамыз. Енді ол жағын өзің жақсы түсінесің ғой, – деді Кипр клубының басшысы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Әзірше Самородов ұсынысқа жауап берген жоқ. Қазір ол «Ақтөбенің» құрамында, Түркияда оқу-жаттығу жиынында жүр. Ал «Красава» клубына келсек, бұл команда 2020 жылы 8 желтоқсанда Ресейде құрылған. Ресейде 1,5 жыл команда ретінде тіркеліп, Футбол ұлттық лигасының екінші дивизионы мен ел кубогы жолындағы жарыстарда ойнаған. 2022 жылы 31 мамырда команда Ресейден кетіп, Кипрге қоныс аударды.

Клубтың басшысы да кезінде футболшы болған. Ол 1996 жылдан 2006 жылға дейін Ресейдің 10-нан астам командасында доп тепкен. 2006 жылы Ресейдің 21 жасқа дейінгі жастар құрамасында бір рет жасыл алаңға шыққан. Одан кейін ол тележурналист болып жұмыс істеген. 2015 жылы Юрий Дудьпен және Сергей Шнуровпен бірге «Культ тура» бағдарламасын жүргізген. 2016 жылдан бері «Матч ТВ» телеарнасында футбол ойындарының комментаторы болды. Савиннің жеке Youtube арнасы да бар. Ол КраСава деп аталады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама