Алексей Цой министрліктен кету туралы шешімін осыдан сегіз ай бұрын қабылдаған
Экс-министр өзі басқарған ведомство БАҚ өкілдеріне мейлінше ашық болғанын жеткізді
Бір жарым жылға жуық уақыт Денсаулық сақтау министрлігін басқарған Алексей Цой 20 желтоқсанда қызметінен босатылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алексей Цойға белсенді жұмыс істегені, әсіресе Қазақстанда коронавирус індетінің таралуына қарсы күресте атқарған еңбегі үшін алғыс білдірді.
Сол күні экс-министр мәлімдеме жасап, саяси қызметтен азаматтық секторға қызмет ауыстыратынын мәлімдеді.
Одан бөлек, экс-министр ведомство басшысы лауазымынан кету туралы шешімін осыдан сегіз ай бұрын қабылдағанын айтты.
Біздің министрлік сияқты өзге ведомстволар журналистермен осыншалықты жиі кездеспеген шығар. Тек орталық коммуникациялар орталығының өзінде 27 рет брифинге шықтым. Оның бәрі уақыт алатынын түсіну керек. Бір брифингтің өзіне кейде 3-4 сағат кетеді. Дайындалуға уақыт керек. Пандемия кезінде шешілуге тиіс көптеген мәселе тағы бар. Жаңа вакциналарды жеткізуге қатысты бұйрықты күтеміз. Мұның бәрін ешкім есептемейді, - деді экс-министр.
Айта кетейік, Қазақстанның денсаулық сақтау министрі қызметіне Алексей Цой былтыр, 2020 жылдың маусымында тағайындалды.
Алексей Цой 1977 жылы 2 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Sells College (Лондон), Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының аспирантурасын, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын, «Дәнекер» халықаралық құқық және халықаралық бизнес институтын, РФ Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының корпоративтік басқару жоғары мектебін тәмамдаған.
Стэнфорд университетінде (АҚШ), Сингапурда, Мәскеуде, Германияда, Ұлыбританияда және тағы да басқа елдерде тағылымдамадан өткен. Іскерлік әкімшілік докторы, медицина ғылымдарының кандидаты.
Хирург-эндоскопист болып жұмыс істеген, Қалпына келтіру хирургиясы және трансплантология орталығының аға ғылыми қызметкері, Ұлттық ғылыми медицина орталығының ішкі медицина орталығының жетекші ғылыми қызметкері, «Еуроазиаттық респираторлық қоғам» қоғамдық бірлестігінің бас хатшысы, ҚР Президенті Іс басқармасының заманауи медициналық технологияларды енгізу орталығының директоры, ҚР Президенті Іс басқармасының медициналық орталығының басшысы, Астана қаласының №1 қалалық ауруханасының бас дәрігері, ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі, ҚР денсаулық сақтау вице-министрі қызметтерін атқарған.
2019 жылғы ақпаннан бастап 2020 жылдың маусымына дейін ҚР Президенті Іс басқармасының медициналық орталығын басқарған.