Павлодар облысында кентті «жер жұтып қоюы» мүмкін – депутат
«Майқайың алтын» АҚ иесі кенттің дамуына ақша құймайды
Павлодар облысы Майқайың кентінінің бір бөлігін «жер жұтып қоюы» мүмкін. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Депутаттық сауал премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, Бас прокурор Берік Асыловқа жолданды.
Жыл басында Баянауыл ауданының Майқайың кентіндегі «Майқайың алтын» АҚ-да болған апат қабырғамызды қайыстырды. Автобуста отырған 4 адам кенеттен опырылған жер астына құлады. Олар кәсіпорында жұмыс істеген. Оның екеуі мерт болса, қалған 2 адамның тағдыры әлі де беймәлім. 10 күннен аса уақыт іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Алайда автобустағы 2 адам әлі табылмады, - деді Жарқынбек Амантайұлы.
Депутат қауіпсіздік шарасы сақталса, мұндай қайғылы оқиға болмас еді деген пікірде.
Біріншіден, құлаған жердің астында бұрын шахта болғанын ешкім ескертпеген. Тіпті үстінен жол салған және сол жолды қызметкерлер осы күнге дейін пайдаланып келген. Алайда техникалық қауіпсіздік шараларына сай, ол жерді қоршауға алып, қауіпті орын ретінде оқшаулап тастау керек еді. Дегенмен бұл – мәселенің басы ғана, - деді ол.
Жарқынбек Амантайұлы Майқайыңның бір бөлігін «жер жұтып қоюы» мүмкін деген қауіп барын айтты. Себебі бұрын онда шахтаның орны болған.
Екіншіден, кенттегі «Шанхай» шағын ауданының тұрғындары алаңдап отыр. Олар шағын ауданның асты да шахтаға айналып кеткен дейді. Кен қазу барысындағы жарылыстардан үй іргесі солқылдап кетеді екен. 100-ге жуық шаңырақ орналасқан аумақ қазіргі опырылып құлаған жерден небәрі 500 метр қашықтықта орналасқан, - деді депутат.
Оның айтуынша, бүгінде кентте 10 мыңға жуық адам тұрады. Тек «Майқайың алтын» АҚ-да мыңнан аса жергілікті тұрғын жұмыс істейді.
«Майқайың алтын» компаниясының ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, кәсіпорын құрылған уақыттан бері мұнда 16,7 млн тонна кен өндірілген. Бұл – 80 тонна алтын, 1 240 тонна күміс, 204 мың тонна мыс, 300 мың тонна мырыш. 13 млн тоннадан аса кен кәсіпорынға қарасты кен байыту фабрикасында қайта өңделген. Алайда «Майқайың алтын» АҚ өз қаржысына кентте ешқашан тұрғын үй салмаған, балалар алаңы, спорттық немесе әлеуметтік нысандар тұрғызбаған. Тек жылына жергілікті бюджетке барды-жоқты алым-салық төлеп келген.
Енді осы акционерлік қоғамның 100 пайыз акциясы Кипрда орналасқан Rence Enterprises LTD компаниясына, Милан Попович атты бизнесменге тиесілі. Қазақстан байлығына кенелген бұл байлардың ісін кім қадалауға алады? - деді Жарқынбек Амантайұлы.
Осыған байланысты депутат премьер-министрдің бірінші орынбасары мен Бас прокурорға өз ұсынысын айтты:
- Біріншіден, Майқайың кенішіндегі комиссияның жұмысын ашық әрі жұртшылықпен, жергілікті тұрғындармен бірлесе отырып үйлестіру керек;
- Екіншіден, барлық шахталық жұмыс жүргізілген аумақтарды анықтап, оларды қауіпсіздік ережелеріне сай оқшаулау маңызды;
- Үшіншіден, шахтаның маңында орналасқан шағын ауылдың тұрғындарына барлық қауіпсіздік жағдайын қарастыру қажет;
- Төртіншіден, еліміздің байлығын пайдаланып, бірақ әлеуметтік көмекті дер кезінде көрсетпей отырған шетелдік компанияларға заң бойынша қатаң шаралар қолданып, ескерту жасалуы керек;
- Бесіншіден, апатқа және техникалық қауіпсіздіктің сақталмауына түрткі болған жағдайға прокуратура әділетті бағасын беруге тиіс.