Halyq Uni логотип
×

Аналар кеңесінің төрағасы атажұртын іздеп келген балаларға қатысты пікір білдірді

Нәзипа Шанаи шетелге шығарылған балалардан кешірім сұрау қажет деген пікірде

 Халық үні 15.01.2024 | 12:17
Аналар кеңесінің төрағасы атажұртын іздеп келген балаларға қатысты пікір білдірді
Фото: Halyq Uni Media

Аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Шанаи Қазақстаннан шетелге шығарылған балалар, олардың елге оралып, туған-туысын іздеуіне қатысты ойын айтты.

Қазақстан президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі «Сұрауы бар» YouTube арнасына берген сұқбатында Испаниядан анасын іздеп келген Жәнібек есімді жігіттің жағдайына қатысты да пікір білдірді.

Сұқбат барысында журналист «статистикаға сүйенсек, тәуелсіздік жылдарында 10 мыңдай бала шетел асқан. Ресми дерек бойынша, Қазақстаннан бала асырап алғаны үшін шетелдіктер 30-40 мың долларға дейін ақша төлеген. Бұл – бизнес. Баладан ақша артық. Бұған кім кінәлі? Кім жауапты? Қай жүйе жауап беруі керек?» деп сұрады.

Жәнібектің жағдайы бойынша қоғамдық тыңдаулар болуы қажет. Себебі Жәнібек шетелде жүрген жалғыз бала емес. Жәнібек сияқты мың бала жүр. 1990 жылдары заң қабылданған кезде, өзіміздің де әлеуметтік жағдайымыз нашар кезде, тастанды және денсаулығы нашар бала көбейген уақытта бұл мәселеде жылт еткен бір жақсылық болды. Қазақстан қоғамы қазір де дені сау емес баланы алмайды. Мүгедектігі бар азаматтардың арасында санасы сақталған, бірақ қозғала алмайтындары бар, - дейді Нәзипа Шанаи.

Аналар кеңесінің төрағасының айтуынша, тоқсаныншы жылдары шетелге шығарылған балалардың дені – мүгедектігі бар балалар.

Шетелдіктердің көзқарасы басқа, мүмкіндігі де көбірек. Біздегі денсаулығында ерекшелігі бар баланы апарып, емдеп, өсіру ойы бар. Бірақ біздің қоғам оны бизнеске айналдырды. (...) Біз қашан да кінәні билікке артып жатамыз. Қоғам ештеңеге жауапты емес сияқты. Билікте жұмыс істеп отырған адамдар қоғамның мүшесі емес пе? Сол қоғам тәрбиелеген адам емес пе?, - дейді ол.

Нәзипа Шанаи билік идея беруші және жағдай жасаушы екенін, ал оны қоғам іске асыратынын алға тартты.

«Жәнібектің анасын тауып бере аламыз ба? Арқалықтың басшылығына бұл тиімсіз болып, біраз былығы ашылайын деп тұр», дейді журналист.

«Оларға тиімсіз. Бұл жағдайға байланысты құжатта көрсетілген әйел табылды. Бірақ биологиялық анасы болмай шықты. Сол жерде, сол күні баласын туып, тастап кеткен бірнеше әйел бар екен. Қаншама көкек ана болған. Ойланатын мәселе. (...) Жетімін ешқашан жылатпаған халық едік. Біз ұлттық құндылық, дәстүрден қол үзіп бара жатқан қоғамбыз. (Шетелге шығарылған) қаншама бала келіп жатыр. Бірі тауып, бірі ата-анасын таппай кетіп жатыр. Ол балалар елім деп келіп, қазақ қоғамында қаламын десе, өкпе-реніш сақтамайды. Ол еліне қосылғанына қуанады. Ал ділдік тұрғыдан өзгеріп кеткен адам болса, ол қазақ қоғамына, қазақ қоғамы оған керек емес. Біз олардан кешірім сұрауымыз керек», - дейді Аналар кеңесінің төрағасы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама