Нәзипа Шанаи ер адамдарға түздегі мәселені отбасына көрсетпеуге кеңес берді
Қазақстан президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, республикалық аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Шанаи отбасыдағы жанжал, жалғызбасты әкелердің тағдыры мен ер мен әйелдің арасындағы ықыласқа қатысты пікір білдірді.
«Сұрауы бар» YouTube арнасына берген сұқбатында Нәзипа Шанаи «Егер әйел күйеуінен таяқ жеп, қорлық көріп, бақытсыз болса, ажырасуы керек пе?» деген сұраққа жауап берді.
Айтуынша, әйел мұндай жағдайда міндетті түрде ажырасуы керек.
«Ол бала үшін керек. Бақытсыз анадан ешқашан бақытты бала болмайды. Бала қашан да анаға жақын. Себебі соны көріп өскен қыз күйеуінен көрген қорлығына шыдап өмір сүреді. Тізбек жалғасады. Оның да балалары бақысыз болады. Әкесінің шешесіне деген қарым-қатынасын көріп өскен бала дәл соны әрі қарай жалғастырады», - дейді Нәзипа Шанаи.
Айтуынша, заңда «жалғызбасты әйел» деген ұғым да, оларға арналған жеке бағыт та жоқ.
«Жалғызбасты әкелердің тағдыры өте қиын, қатары жылдан жылға көбейіп келе жатыр. Аналар кеңесін өткізуге Түркістанға барған едім, бір апа шығып «біздің келіндерімізді түріктің сериалдары құртты» деп айтты. «Біздің ауылда бір келіншек 5 баласын тастап, ғашық болдым деп кетіп қалды. Екі жыл болды жоқ», деп айтты. Кішкентайы үш айлық екен. Ер кісі 5 баласына қарап отыр. Құжаттың бәрі анасында, жәрдемақыны да әйел алады. Мұндай жағдай өте көп. Кинодағы өмір мен шынайы өмірді шатастырып алған әйелдің санасы қандай? Басқа біреуге ғашық болатын болса, 5 баланы неге туады? Бұл – отбасыға деген ықыластың жоқтығы», - дейді аналар кеңесінің төрағасы.
Нәзипа Шанаи ең алдымен әйел ер адамға моральдық тұрғыда тәуелді болуы керек деп санайды.
«Әйел өзін күйеуі жақсы көретінін сезінуі керек. Қазақтың жігіттері жақсы көретінін айтпайды. Кинодан «жаным» дегенді көріп отырған келіншек «күйеуім мені жақсы көрмейді» деп ойлайды. (...) Ер адам отбасына келе жатқанда сырттағы көңіл күйін сол жерде қалдырып, үйге күлімдеп кіруі керек. Ол үйге кіргенде әйелім қуанып, бала-шағам шаттанып қарсы алуы керек деген мақсат қоюы керек. Сонда ғана отбасы бақытты болады. Ер адамға «әйел маған сенеді» деген сенім керек. Сенім бар болса, ер адам міндетті түрде алдындағы кедергілерді жеңе алады. Сенімді сезбесе, жылуды сырттан іздейді», - дейді Нәзипа Шанаи.