Halyq Uni логотип
×

«Еуропа Қазақстан үшін күресуге тиіс» - Клод Монике

Орталық Азияны Ресейден ажыратып алатын мүмкіндік бар

 Дастан Жұмабекұлы 25.05.2022 | 12:46
«Еуропа Қазақстан үшін күресуге тиіс» - Клод Монике
фото: sputnik.kz

Украинаға ашқан соғысынан кейін Ресейден Қазақстан да сырт айналып барады. Дәл осы кезде Ресей мен Қытайдың қыспағында отырған Қазақстан Батыс әлемінің қолдауына зәру. Бұл туралы бұрынғы DGSE агенті және Еуропалық стратегиялық барлау және қауіпсіздік орталығының (ESISC) тең құрылтайшысы Клод Монике Францияның «Marianne» қоғамдық-саяси журналына жазды.

Ол  «Қазақстан-Ресей: Украинадағы соғыс тудырған ажырасу» атты мақаласында 24-ақпаннан кейін екі елдің қарым-қатынасын тізіп шыққан. Сондай-ақ, ол мемлекеттердің бір-бірінен алшақтықтығын да байқағанын жазған.

Материалдың авторы АҚШ пен Еуроодақтың Қазақстанмен онсыз да елеулі серіктестігін одан әрі кеңейтуі қажет деген қортындыға келеді. Себебі, Қазақстан мен Орталық Азияны Ресейден ажыратып алатын жақсы мүмкіндік туып тұр.

Оның айтуынша, жуырда Қазақстанның жоғары лауазымды шенеуніктерінің бірі Еуроодақ пен АҚШ Қазақстанның бейтарап мәртебесі мен тәуелсіз сыртқы саясатын қолдап, экономикалық тәуелсіздікті сақтауға көмектесуі қажет деп мәлімдеген.

Бұған дейін де Еуропаның саясаткерлер мен саясаттанушылар Қазақстанның қарт құрлықпен байланысын одан әрі дамыту туралы ойларын айтып, БАҚ беттерінде материалдар жариялаған. Сонымен бірге Қазақстан да қарап жатпай, ара-тұра Батысқа бет бұратыны туралы мәлімдемелер жасап, Ресейге байланып қалмай, жеке-дара саясат жүргізетінін көрсетіп келеді. Мысалы, Қазақстан Ресейдің Украинаға басқыншылығын айыптаған жоқ да қолдаған да жоқ. Бірақ, Қазақстан Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов еуропалық ақпарат желісі – Euractiv сайтына берген сұхбатында Украинаның аумақтық тұтастығын қолдайтынын, соғысты соғыс деп атайтынын және санкция салынған тауарлардың Ресейге өтіп кетпеуіне бар күшін салатынын мәлімдеген. Сүлейменов – Украинадағы жағдайға байланысты ұстанымын ашық жеткізген Қазақстандағы алғашқы жоғары лауазымды тұлға.

Ал елімізде Украинадағы соғыс басталысымен Ресейге қарсы митингілері болып, азаматтар Қазақстан билігін ТМД кеңістігіндегі көптеген одақтардан шығып, елде РФ-ның мемлекеттік арналарын көрсетуге тыйым салуға шақырған еді. Осындай оқиғалар Қазақстанның Ресейге тым жақындамай, ара қашықтық ұстайтынын көрсетеді. Клод Моникенің жоғарыда аталған материалда айтқысы келгені де осы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама