Halyq Uni логотип
×

Мәжіліс депутаты ҚТЖ басшысының үстінен шағымданды

Еділ Жаңбыршин маңғыстаулық теміржолшылардың жалақысына қатысты дискриминацияны қозғады

 Ербол Тұрымбет 25.05.2022 | 12:40
Мәжіліс депутаты ҚТЖ басшысының үстінен шағымданды
Еділ Жаңбыршин, Нұрлан Сауранбаев

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин елімізде жол битумын өндіретін «Каспий битум» дейтін жалғыз мекеменің битумды делдал арқылы сатып келгенін айтты. Ал делдал бағаны негізсіз 30%-ға көтеріп отырған. Қазір ортадағы делдал жоқ, сондықтан депутат негізсіз өсірілген 30% баға үстемесін арзандату керекгін айтады.

Депутат одан үнемделген ақшаны республикалық, халықаралық дәрежедегі жолдардың айналасында автоматтық жүйелер құруға, жолдың айналасына қызмет көрсететін инфрақұрылымдар салуға жұмсау қажетін айтты. Себебі жол салу өте қымбатқа түседі. Мәселен, Батыс Қазақстанда жолдың 45%-ы ғана жасалған.

Депутат Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевқа екінші мәселе – теміржолдағы келеңсіздікті айтты.

«Мен ҚТЖ-ға бірнеше рет жаздым, Сауранбаев деген адам тіпті хабарласпайды, келмейді, депутаттарды елемейді (игнор – авт.). Оны қадағалайтын сіз, сондықтан сізге айтып отырмын. Маңғыстауда Маңғыстау станциясы мен Бейнеу станциясының теміржолшыларының айлығы екі түрлі. Екеуінің арасы - 475 шақырым. Кеңес үкіметінен қалған нормативтік құжаттар бар, соған сүйене отырып әлі күнге дейін осындай дискриминация бар», - дейді Еділ Жаңбыршин.

Депутаттың айтуынша, теміржолшылар мәселені бірнеше рет көтерген, президентке дейін шыққан.

Бірақ ҚТЖ басын құмға тыққан түйеқұс құсап, әлі күнге дейін жауап бермей отыр. Осы мәселені қолыңызға алып, реттесеңіз дұрыс болар еді, - деді депутат.

Нұрлан Сауранбаев ҚТЖ басшысы болып 2021 жылдың сәуірінде тағайындалды. Оған дейін (2017-2018 жылдары) Шымкент қаласының әкімі қызметін атқарды. 2020-2021 жылдары Президент әкімшілігінде жұмыс істеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама