«20 млн халқы бар елге ортақ құндылық керек». Сенатор премьер-министрге депутаттық сауал жолдады
Нұртөре Жүсіп Үкіметтің тұжырымдамалық ұсыныстарын жан-жақты пысықтап, жедел әзірлеуге тапсырыс беруін сұрады
Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп әлеуметтік желіде жаға ұстататын видеолардың жиі жарияланатынын, отбасылық құндылықтар құлдырағанын айтып, премьер-министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген сөз бар. Былтыр Тәжікстанның жеміс-жидегіне таласқан жұртты көріп, жағамызды ұстаған едік. Жаңа жыл қарсаңында шоколад шыршасын бір минутта тайпап кеткендерді де көрдік. Осы видеолар халықаралық пабликтерде мыңдаған қаралым жинап жатыр. Сонда біздің мәдени деңгейіміздің жеткен жері осы ма? Мұндай масқара оқиғалардың себебіне үңіліп көрдік пе? Аш дейін десеңіз, аш емес, тоқ дейін десеңіз, тобырлық деңгей мынау. Бүгінгідей тоқшылық заманда осыншама тоғышарлыққа бой алдыратындай күйге неге түстік?», - деді сенатор Сенаттың жалпы отырысында.
Нұртөре Жүсіп мәселенің төркінін отбасындағы тәрбиемен байланыстырды.
«Ең алдымен – тәрбие. Еліміздегі тәрбие мәселесі дұрыс емес. Отбасындағы тәрбие далада қалды. «Біреудің затын алма, тегін болса да тиіспе» деген ежелгі тыйым қайда кетті? Халқымыздың «ұят болады, жаман болады, обал болады» деген үш-ақ ауыз сөзбен түйіндеген даналығы желге ұшқаны ма? Қазақта көргенсіз деген ұғым бар. Кез келген адам үшін өте ауыр сөз. Ақ көйлектің жағасы кірлесе, жуып кетіруге болады, ал ұлттың атына кір келсе, оны қалай кетіреміз?», - деді ол.
Сенатор тәрбиемен қатар қоғамның мәдениетін де жетілдіру керек деп есептейді.
Абайша айтсақ, мәдениетсіз дүние бос. Тәуелсіздік жылдарында мемлекет мәдени деңгейімізді көтеруге, таным-түсінігімізді кеңейтуге бағытталған бірқатар жұмыс жүргізді. «Мәдени мұра» бағдарламасымен басталып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына дейін жалғасқан жұмыстардың барлығының да түпкі мақсаты елдік санамызды оятып, тарихи жадымызды қайта қалпына келтіруді көздеді. Мұның бәрі дұрыс, елдің дамуы үшін қажет шаралар. Бірақ сонымен іс бітті деп отырамыз ба?, - деді депутат.
Сенатор 20 млн қазаққа ортақ құндылық қажет деген ұстанымда.
«Әділетті Қазақстанның құндылықтары қандай? Қоғам үшін қандай құндылықтар керек? Айталық, Тәуелсіздік – құндылық. Отбасы – құндылық. Жер, тіл, салт-дәстүр, мәдениет – құндылық. Президент "Толық адам, адал азамат" деген идеяларды ұсынды. Бұл да құндылық. Осының бәрін кім жүйелейді?
Айтылған сөз айтылған жерде қалмауы керек қой. 20 млн халқы бар Қазақ еліне ортақ осындай құндылықтар жүйесі қашан жасалады? Жас ұрпақ тәрбиесімен мәдени деңгейімізді көтеру мәселесіне мұқият көңіл бөлмесек болмайды. Жабайылық анайылыққа жол ашады. Сондықтан жалпы халықтың, әсіресе жастардың құндылық бағдарларын тереңдетіп, жұртты еңбекқорлыққа, ізденіске, ілім-білімге бет бұруға, әсіресе, отбасы тәрбиесі мен мәдение тәрбиеге барынша күш салу керек деп пайымдаймын», - деді Нұртөре Жүсіп.