Ұлттық құраманың ойыншыларын Қазақстан азаматтарынан жасақтау – федерацияның негізгі ұстанымы, - деді ол
Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов шетел легионерлеріне қатысты мәлімдеме жасады.
Ол биылдан бастап футболда шетел легионерлеріне қойылатын шектеудің алынып тасталатынын айтып, оның қазақ футболына пайдалы жағын түсіндіріп берді.
Соңғы 15 жылда легионерлердің үлесіне байланысты түрлі эксперимент болды. Алайда ол ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже бермеді. Оны өздеріңіз де көріп, жақсы біліп отырсыздар. Сондықтан біз соңғы 2 жылда сараптама жүргізіп, ереже қабылдадық, – деді Әділет Бәрменқұлов.
Оның айтуынша, егер бұрын алаңға 7 легионер шығатын болса, енді олардың санына шектеу алынып тасталады. Бірақ өтініш берген кезде 25 футболшының 13-і Қазақстан футболының өкілі болады. Бұл алдымен бәсекелестікті арттырады. Демек футбол дамиды.
Екіншіден, кәсіби футбол клубтарын агенттердің көлеңкелі жүйесінен қорғайды. Нарықтық еңбекақы жүйесі жасалып, жалақыны жасанды көбейту болмайды.
Үшіншіден, халықтың футболға деген қызығушылығы артады. Стадиондар жанкүйерге толады. Демек жаңа заманауи стадиондардың құрылысына қажеттілік пайда болады.
Осылайша, халықтың чемпионатқа деген қызығушылығы артса, біз инвесторлардың да қызығушылығын оятамыз. Сонда ғана біз футболды мемлекеттік қаржыландырудан гөрі, жеке кәсіпкерлердің инвестициясымен қаржыландыра аламыз. Осы ойымыз іске асса, біз футболдың бизнес индустриясын құратын боламыз. Ол клубтың жұмысына да пайдасын тигізіп, футболшыларға мотивация беріп, сүйікті ісімен айналысуға талпынысын оятады. Бұл өзгерістер клубтардың балалар футболын да қаржыландыруға септігін тигізеді. Олар өз ойыншыларын тәрбиелеп, трансфер арқылы қаржы таба алады, – деді Әділет Бәрменқұлов.
Осы ретте ҚФФ басшысы ережедегі өзгерістер ұлттық құраманың ойындарына да әсер ететінін, сонда ғана еліміздің бас командасы барынша Қазақстан азаматтарынан жасақталатынын айтты.
«Ұлттық құраманың ойыншыларын Қазақстан азаматтарынан жасақтау – федерацияның негізгі ұстанымы», – деді ол сөз соңында.