«Елін жерімен қосып сатып жіберген патша бізге ғана бұйырды» – Мұхтар Мағауин Назарбаев туралы

Ая Өміртай

Жазушы қазақ баспасөзіне алғаш рет эксклюзив сұхбат берді 

Фото: Halyq Uni

Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің Қазақстаннан жырақ шет елдерде тұрып келе жатқанына 17 жылдан асты. Жуырда отбасымен АҚШ-тан Түркияға қоныс аударған қаламгер қазір Анталия маңындағы Кемер қаласында тұрып жатыр. Бүгінде 83 жастан асқан қазақтың абыз ақсақалы қазақ баспасөзіне кең көлемде алғаш рет эксклюзив сұхбат берді. 

Ал Назарбаев жөнінде айтатын болсақ, «Ұлтсыздану ұранында» бар. Әлемде неше түрлі патша болды дедім. Данышпан патшалар болды, қолбасшы патшалар болды, саясаткер патшалар болды, ақымақ патшалар болды, психикалық ауру патшалар да болды. Бірақ халқын, елін жерімен қосып сатып жіберген патша бізге ғана бұйырыпты. Әуел бастағы көзқарасым менің. Басында үміт еттік, әрине. Президент болып отырғаннан кейін. Сол кезде бірден байқадым, бұл кездейсоқ келген адам еді ғой. Бұл – отарлық үкіметтің қойған адамы. Одан ары қарай отарлай беру үшін. Басқа кандидатуралар болды ғой. Әуелбеков болды. Мен айтам, Кәмелетдиновті қою керек еді, керек болса. Ол ақымақ, ұр да жық. Ал мынау әуел баста қойған кезде Горбачев деген зұлым адам ғой. Сол «Желтоқсанды» ұйымдастырды, қазақты жаныштау үшін. Басқаларға үлгі болсын, қазақты сабап, басқалары тыныш болады деп. Әуел баста қазаққа қарсы жұмыс жасады. Ол әлі жемқорлық, жеу деген бір ғана нәрсе бар. Қазақтың рухын жаныштады, қазақты тоздырды, аздырды. Голощекин 1932 жылы қазақтың үштен екісін қырып тастаса, бұл бүкіл қазақтың, бүкіл жан-дүниесін жоққа айналдырды, - деп пікір білдірді Мұхтар Мауғаин Halyq Uni тілшісіне берген сұхбатында. 

Осыған дейін оқырманға 4 томдық «Шыңғыс хан» романын ұсынған жазушы қазір мыңжылдық қазақ тарихынан сыр шертетін «Алтын Орда» романын баспаға даярлап жатыр. 

Сұхбатта Шыңғыс хан мен Алтын Орданың жаңаша тарихы, қазақ қоғамының бүгінгі жай-күйі, қазақ әдебиетінің кемшін тұстары мен келешегі туралы айтылды. Сонымен қатар жазушылық жолдағы сан түрлі кедергілер мен Назарбаев дәуірінің озбырлығы, Тұрар Рысқұловтың халыққа жасаған қиянаты туралы әңгіме өрбіді. 

Мұхтар Мағауин Қазақстаннан неге кетті? Жазушы елге орала ма? Оның шығармашылықтағы қанаттас досы – Әбіш Кекілбаев өмірінің соңғы жылдарында неге ішқұса болды? Сұхбатта осы және өзге де маңызды сұрақтарға жауап берілді.