Зейнет жасын 58-ге түсірмейінше тоқтамаймыз – Қазақстан әйелдері қозғалысы (ВИДЕО)
Осындай қозғалыстың барына бүкіл Қазақстан әйелдері қуанышты
Қазақстан әйелдері қозғалысының өкілі Кенжеш Сембаева «Ақ сөйле» Youtube-арнасында зейнет жасын 58-ге дейін түсірмейінше қозғалыс өкілдері белсенді жұмыс жасайтынын айтты.
Оның айтуынша, осындай қозғалыстың барына бүкіл Қазақстан әйелдері қуанышты. Қазір қозғалыстың 30 чаты жұмыс істеп жатыр.
«Бізді бүкіл Қазақстан әйелдерінің 90%-ы қолдайды десем өтірік айтпаймын. Енді 10%-дың ішінде жұмысы жақсы, жылы кабинетте отырғандар әрине, қолдамайды. Олар 63-ке шейін жұмыс істегісі келеді», - дейді Кенжеш Садыққызы.
Айтуынша, қозғалыс мүшелері әуелі Зәуреш Батталованың жұмыс тобына кірген. Одан кейін «Қазақстан халық партиясы» өкілдерімен кездескен.
«Сол жұмыстар барысында біз көптеген нәрсенің байыбын терең түсініп, жұмысымызды әрі қарай жалғастыра бердік. Біз сол кезден бастап қайтпайтынымызды, зейнет жасын түсірмейінше тоқтамайтынымызды білдік. Қатарымызға адам жинадық, митинг өткіздік», - дейді белсенді.
Айта кетейік, ұйым өкілдері өткен аптада Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеновамен кездесулер өткізген. Кездесу қорытындысы бойынша, министр Үкіметке қозғалыстың ұсыныс-талаптарын жеткізетін болып уәделесіп тарқасқан.