×

«Самұрық-Қазына» басшысы АЭС салуға тиімді жерді атады

Мемлекет басшысы Қазақстанда АЭС салу мәселесін биыл бірнеше рет көтерді

 Ербол Тұрымбет 22.12.2021 | 14:06
көрнекі фото: ашық дереккөзден

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Алмасадам Сатқалиев атом электр станциясын Алматы облысында салудың тиімді тұсын атады.

Үлкен кенті – ең ыңғайлы жер, ұлттық электр желілер топографиясы тұрғысынан тиімді алаң. Онда 500 киловольттық тармақталған желілер бар, Оңтүстік-ГРЭСС 500 қосалқы станциясы да орналасқан. Ал базалық қуат көздерін орналастырудың арқасында Солтүстік-Оңтүстік бағытында электр энергиясының тұрақты транзитін жасауға болады. Орталық Қазақстанға – Қарағандыға да, Солтүстік-Оңтүстік транзитімен оңтүстік өңірлерге де энергияны қайта бөлуге ыңғайлы, - деді Сатқалиев журналистерге берген сұхбатында.

«Самұрық-Қазына» басшысының айтуынша, бүгінде атом электр станциясына қажетті құрал-жабдықтарды шығаратын Ресей, Қытай, Франциядан ұсыныс бар және америкалық өндірушілерден екі ұсыныс түскен.

Біз шешім қабылдағанда технологиялардың қауіпсіздігін, соның негізінде қанша атом реакторлары салынды, бағасы және тағы басқа мәселелерді ескеретін боламыз. АЭС-ке қажетті отынды Қазақстанда шығару жайын да қараймыз, - деп атап өтті қор басшысы.

Сатқалиев АЭС бойынша қазақстандық ресурстарды пайдалануға басымдық берілетінін, соның ішінде отын таблеткаларының өндірісі және АЭС-ке қажетті басқа да құрал-жабдықтар барын айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда АЭС салу мәселесін биыл бірнеше рет көтерді. Жақында Алматы қаласына жасаған сапарында Қазақстанда энергия тапшылығының алғашқы белгілері байқалып жатқанын айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама