×

Федерациялар саны 10-ға жетті: Исламбек Салжанов Ұлттық спорт қауымдастығындағы атқарылған жұмыстарды қорытындылады

Бір жылдың ішінде спортшылар халықаралық жарыстарға қатысып, 96 медаль жеңіп алды

 Халық үні 29.12.2023 | 14:47
Фото: Ұлттық спорт қауымдастығы

Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов бір жылдан астам уақыт ішінде ұлттық спорт саласында атқарылған жұмыстар туралы жазба жариялады.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен соңғы жылдары елімізде ұлттық спорт түрлері қарқынды дамып келеді. Жыл басында Мемлекет басшысы ұлттық спорт түрлерінің даму концепциясын әзірлеуді тапсырған еді. Қазір Ұлттық спорт қауымдастығы бұл бағыт бойынша жұмыстарды кезең кезеңімен жүзеге асырып жатыр.

Былтыр қыркүйекте Қауымдастық басшысы болып сайланғаннан кейін ұлттық спортты бірлесіп дамыту үшін елге жаны ашитын кәсіпкер азаматтарды қауымдастық құрамындағы федерациялардың басшылығына шақырдым», - деп жазды Исламбек Салжанов.

Айтуынша, Ұлттық спорт қауымдастығына келгенінде құрамына 6 федерация ғана болған. Бір жыл ішінде федерациялар саны 10-ға дейін артты.

Бұрын қауымдастық жұмысы бір орталық жүйесі арқылы басқарылатын. Ал қазір, керісінше федерацияларға автономия беру стратегиясы қолданысқа еніп отыр. Нәтижесінде биыл ұлттық спорт саласында бірқатар оң өзгерістерге қол жеткіздік. Осы бір жылдың ішінде спортшыларымыз көптеген халықаралық жарыстарға қатысып, 96 медаль жеңіп алды. Оның 35-і – алтын. Республикалық жарыстар да жоғары деңгейде өтті, - деді Ұлттық спорт қауымдастығының президенті.

Мамандардың біліктілігін көтеру мақсатында ұлттық спорт түрлері бойынша кәсіби мамандарды даярлау бағдарламалары әзірленді. Қазір екі бірдей жоғары оқу орнында екі мамандық түрі бойынша оқу бағдарламасы енгізілді. Сондай-ақ «Ұлттық спорттың жоғары мектебін» ашу жұмысы қолға алынды.

«Ұлы дала жорығы» республикалық бәйге марафоны Ұлттық спорт қауымдастығының қолдауымен екі жыл қатарынан өтіп келеді. Естеріңізде болса, «Ұлы дала жорығы – 2022» бәйге марафонында Адай жылқылары 1 200 шақырымды басып озып, топ жарған болатын. Өз кезегінде Мемлекет басшысы Маңғыстау облысына сапары кезінде Адай жылқысын ғылыми тұрғыда асыл тұқымды мал ретінде тану және көбейту үшін тиісті жұмыстарды қолға алуды тапсырған еді.  Ал бүгін ғалымдардан, сала мамандарынан құралған арнаулы топ аса ауқымды жұмыстар жүргізіп, кеше ғана елімізде Адай жылқысының 6 түрі жаңа ұлттық бренд ретінде ресми тіркелді. Бұл – ұлттық спорт үшін де, еліміз үшін де қуанышты жаңалық!, - деп жазды Салжанов.

Ұлттық спорт қауымдастығының тағы бір маңызды бағыты – Қостанай жылқысын сақтап қалу және әрі қарай көбейту. Қостанай жылқысы – еліміздегі жалғыз асыл тұқымды қазақ жылқысы. Осы мақсатта Ұлттық спорт қауымдастығы Парламент депуттарымен бірге Қостанай жылқысын көбейту мақсатында заң жобасын әзірлеп, қазір Мәжілісте қаралып жатыр.

«Ұлттық спортты кеңінен насихаттап, жаңа белеске көтеру – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Осы мақсатта биыл БАҚ өкілдері арасында ALAMAN – медиа байқауын жарияладық. Аталған халықаралық байқау келесі жылдың наурыз айына дейін жалғасады», - деді ол.

Сондай-ақ биыл Ұлттық спорт қауымдастығының YouTube каналы ашылды. Каналдың мақсаты – ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттау және осы саланың үздіктерін халыққа таныту.

Жуырда «Алтын тұғыр» ұлттық сыйлығын оныншы рет тапсыру салтанаты өтіп, ең мықты спортшылар мен бапкерлер марапатталды.

Бұл – ел ішінде және халықаралық жарыстарда жетістікке жеткен спортшыларға құрмет көрсету әрі ұлттық құндылығымызды дәріптеу мақсатында ұйымдастырылатын дәстүрлі жоба. Ең маңыздысы – келесі жылы елімізде өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қызу дайындықты бастап кеттік. Байқасаңыздар, бұл ойындар ұлттық спорттың Олимпиадасына айналып келеді. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасына спорттың 20 түрі кіреді, - деді Ұлттық спорт қауымдастығының президенті.

Тағы бір айта кететін жайт, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізуге жаңадан спорттық нысан салынбайды. Қазір «Қазанат» ипподромында күрделі жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Алдағы уақытты бұл жер халықаралық стандартқа сай сыйымдылығы 10 мың көрерменге арналған салтанатты орындардың біріне айналмақ.

Көшпенділер ойындарына 100 мемлекеттен 3 мыңнан астам спортшы, 15 мыңнан аса шетелдік турист келеді деп жоспарланған.

«Сондықтан алда Ұлттық спорт қауымдастығы үшін маңызды әрі жауапкершілігі жоғары міндет тұр. Біз осы арқылы тек ұлттық спортымызды насихаттап қана қоймай, әлемдік мәдени кеңістіктегі Қазақстанның жаңашыл келбетін танытуға тамаша мүмкіндік аламыз. Жалпы, ұлттық спорт – үлкенге де, кішіге де отаншылдық сезім беретін күш. Бабаларымыздан қалған асыл мұраны сақтап, дамытып, келер ұрпаққа мирас етіп қалдыру – біздің міндет!», - деп түйіндеді Исламбек Салжанов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама