Тәуелсіз Қазақстанның тарихында еліміздің мемлекеттік гимні екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевты мемлекеттік әнұран авторлығынан алып тастау туралы журналистердің сұрағына жауап берді.
Сенаттың жалпы отырысынан шыққан Мәулен Әшімбаевқа «Әлеуметтік желіде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевты әнұран авторлығынан алып тастауға қатысты ақпарат жарияланып жатыр. 2024 жылы «Авторлық құқықты қорғау туралы» заң қарастырылғанда әнұран авторлығынан Нұрсұлтан Назарбаевтың атын алып тастау мүмкін бе?» деген сұрақ қойылды.
Мәулен Әшімбаев елімізде бұдан да өзекті мәселе барын атап өтті.
Бұл мәселеге әріптесіміз бірнеше рет жауап берген. Бұл – қазір депутаттар айналысатын ең өзекті мәселе емес шығар. Реформаға қатысты көптеген мақсат бар... Осы қыстан дұрыс өтуіміз керек. Бұл мәселеге әріптесіміз де жауап берді ғой, - деді Сенат төрағасы.
Журналистердің бұл сұрағына Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов та жауап берген еді.
Қазір бұл мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ. Болашақ көрсетеді, - деді Ерлан Қошанов.
Еске салайық, Тәуелсіз Қазақстанның тарихында еліміздің мемлекеттік гимні екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді.
Республика мемлекеттік егемендігін иеленгеннен кейін, 1992 жылы Қазақстан гимнінің музыкасы мен мәтініне байқау жарияланды. Байқау қорытындысы бойынша Қазақ КСР гимнінің музыкалық редакциясын сақтау туралы шешім қабылданды. Осылайша тәуелсіз Қазақстанның алғашқы гимнінің музыкасының авторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди болды. Сонымен қатар, үздік мәтінге жарияланған байқауда авторлар ұжымы, белгілі ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жеңіп шықты.
2006 жылы жаңа мемлекеттік гимн қабылданды. Оның негізі ретінде халықтың арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» патриоттық әні таңдап алынды. Ол әнді Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған болатын. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев әнге мемлекеттік гимн жоғары мәртебесін беру және анағұрлым салтанатты шырқалуы үшін музыкалық туындының бастапқы мәтінін өңдеді. Парламент 2006 жылы 6 қаңтарда палаталардың бірлескен отырысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа тиісті түзету енгізіп, еліміздің жаңа мемлекеттік гимнін бекітті.