Айтуынша, марапат алғандардың ішінде мемлекеттік қызметкерлердің үлесі 10 пайызға жетпейді
ҚР Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев «Ашық диалог» сұхбатында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстанда марапат алғандардың тым көп болды деген сынаушыларға жауап берді.
Биыл марапат жылдағыдан көп болды дегенмен келісемін. Бірақ Тәуелсіздіктің 30 жылдығын күнде тойлап жатқан жоқпыз ғой. Анахронизм дегенге келсек, құрметті атақтар мен ордендер, медальдар табыстау практикасы біздің ғана бірегей дәстүріміз емес. Өркениетті әлемнің бәрінде ондай тәжірибе бар. Бұл адамдарды ынталандырып, өскелең буынға үлгі ету үшін, еңбексүйгіштікті, патриоттық пен қоғамға қызметті насихаттау үшін жасалады. Мұндай тәжірибенің ешбір сөкеттігі жоқ, - деді Дәурен Абаев.
Абаевтың айтуынша, марапат алғандардың ішінде мемлекеттік қызметкерлердің үлесі 10 пайызға да жетпейтінін айтты.
Одан бөлек, Дәурен Абаев 30 жыл ішінде Қазақстан көптеген өлшем бойынша ТМД елдерінің арасында бірінші орында екенін айтты.
Біз түрлі радикалды реформаларды бірінші болып жүргіздік. Тартымды инвестициялық климат қалыптастырдық. Түсінікті зейнетақы реформасын да бірінші біз жүргіздік. Электронды Үкіметті де бірінші болып құрдық. Иен далада қала салып үйрендік, - деді ол.