Ресейдің БҰҰ-дағы елшісі соғысқа қарсы шығып, қызметінен кетті
Ол өзінің елі мен жұмысы үшін ұялатынын айтты
Ресейдің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдігінің қызметкері Борис Бондарев өз елінің Украинадағы соғысына наразылық ретінде отставкаға кетті. Бұл туралы zona.media порталы хабарлады.
Ол өз елінің бастаған соғысын украин халқына ғана емес, Ресей халықтарына да қарсы жасалған зор қылмыс деп санайды.
Ресейдің Женевадағы БҰҰ бөлімшесі жанындағы тұрақты өкілдігінің қызметкері Борис Бондарев Украинадағы соғысқа байланысты өзінің отставкаға кететінін айтты. Оның айтуынша, осы кезге дейінгі дипломатиялық қызметінде оған бірде-бір рет дәл қазіргідей өз елі мен жұмысы үшін ұялуға тура келмеген.
«Ресей билігінің бастаған Украинаға, ал іс жүзінде бүкіл батыс әлеміне агрессиялық соғысы украин халқына ғана емес, Ресей халқына да қарсы жасалып отырған ең ауыр қылмыс», – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ол БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесіндегі тұрақты өкілдікте кеңесші лауазымын атқарған. Осы жерде ол 20 жыл қызмет етті.
Бондаревтің айтуынша, Ресей сыртқы істер министрлігі дипломатиядан гөрі барлық жерде соғыс отын тұтандырып отырумен көбірек айналысып жатыр. Сондықтан Ресейде бірде-бір шынайы одақтас ел қалған жоқ.
Менің мемлекеттік қызметте қала беруім Отанды сатумен бірдей нәрсе. Сол себептен одан бас тартамын, - деді ол.
Сыртқы істер министрлік әзірше бұған түсіндірме берген жоқ.