Halyq Uni логотип
×

Ұлттық спорттың мәдени кеңістіктегі насихатын арттыруымыз қажет – Тоғызқұмалақтан «Алтын тұғыр» иегері

Биыл 11 спортшы «Алтын тұғыр» сыйлығының иегері атанды

 Ая Өміртай 21.12.2023 | 19:06
Ұлттық спорттың мәдени кеңістіктегі насихатын арттыруымыз қажет – Тоғызқұмалақтан «Алтын тұғыр» иегері
Жанат Сембайұлы, "Алтын тұғыр" иегері

Астанада «Алтын тұғыр» ұлттық сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Биыл он номинация бойынша 11 спортшы «Алтын тұғыр» сыйлығының иегері атанды. Сонымен қатар салтанатты марапаттау кеші барысында ұлттық спорт түрлерінен жаттықтырушыларға марапаттар берілді.

«Тоғызқұмалақ» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған Жанат Сембайұлы ұлттық спорттың Қазақстандағы дамуы мен алдағы халықаралық жарыстарға дайындық барысы турасында пікірін айтты. Ол тоғызқұмалақтан Азия чемпионатының жеңімпазы болған.

«Биыл «Алтын тұғыр» жүлдесін екінші мәрте иегері атанып отырмын. Осыдан он жыл бұрын «Көкпар» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған едім. Тоғызқұмалақтан Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атандым, Азия чемпионатына қатысып, классикалық ойында бірінші орынға ие болдым. Осының нәтижесін ескере келе, ұйымдастырушылар «Алтын тұғыр» сыйлығына лайық деп таныды», - дейді спортшы.

Айта кетелік, 2024 жылы 8-14 қыркүйегі аралығында Қазақстанда 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Ойындарға 100-ден астам елден 4 мыңға жуық қатысушы келеді деп жоспарланып отыр.

Тоғызқұмалақ ойыны бойынша ірі жарыстар белсенді ұйымдастырылып келеді. Бұл ұлттық спортымыздың дамуы саласындағы оң өзгерістер деп білемін. 2024 жылы 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны мен Әлем чемпионаты өтеді. Әзірге осындай халықаралық додаларға дайындық үстіндеміз. Дегенмен Моңғолия, Қырғыз елдерінен мықты қарсыластарымыз бар, - деп атап өтті Жанат Сембайұлы.

Тоғызқұмалақ ойыны – Қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі. Зерттеушілер бұл ойынның 4 мың жылдық тарихы бар деген мәлімет келтіреді.

Тоғызқұмалақ қазақтың ерте заманнан келе жатқан ұлттық спорт ойыны болғанымен, оны қырғыздар да, қарақалпақтар да, алтайлықтар да ойнайды. Қазір тоғызқұмалақ ойыны кемелденген және дамыған.

«Шахмат тақтасында бір фигура ғана шабуыл жасайды. Ал тоғызқұмалақ ойынында барлық 18 отау өзгеріп шыға келеді. Ойын осынысымен қызық. Жастар арасында кеңінен танымал ету үшін мәдени кеңістіктегі насихатын арттыруымыз қажет. Өзге елдерде ұлттық ойынды танымал ету үшін көркем және тарихи, деректі фильмдер көп түсіріледі», - деп түсіндірді ол Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында.

Ұлттық ойындарды кеңінен насихаттау мақсатында тағайындалған «Алтын тұғыр» жүлдесі беделді мәртебеге ие. Бұл - спортшылар мен бапкерлердің жетістіктері мен қосқан үлесін бағалайтын дәстүрлі спорт әлеміндегі ең ауқымды шаралардың бірі.

Айта кету керек, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығына 10 федерация кіреді, оның ішінде «Тоғызқұмалақ», «Бәйге», «Құсбегі», «Көкпар», «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Теңге ілу», «Дәстүрлі садақ» ату», «Асық ату» және «JORYQ» ат спорты федерациялары бар.

Шара «АМАНАТ» партиясы мен ҚР Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен өтті. Іс-шараның бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» АҚ, серіктесі «Sport Qory» туризм және спорт саласын қолдау қоры.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама