«Өзін бағаламайтындарға қайранмын»: Пранк жасаған қызды құтқарамын деп арбаға таңылған Арнұрмен сұқбат
Арнұр Ысқақ осыдан 13 жыл бұрын мүгедек болып қалған
«Қанаттылар» инклюзивті театртының директоры Арнұр Ысқақ он екі мүшесі сау бола тұра өмірге шағымданатын, жаман жолға түсетін, күйзеліске ұшырайтын жандарға қарны ашатынын жеткізді. Айтуынша, қалағаныңды ұстап, өз аяғыңмен жүріп-тұрудың шынайы бақыт екенін көп адам түсінбейді.
13 жыл бұрын бір қызды құтқарамын деп, мүгедек болып қалған Арнұр Ысқақ алғашында өзін қоярға жер таппаған. Тіпті, өмірмен қош айтысқысы да келген. Бірақ жігерін жанып, өмірін жалғастырып, отбасын құрып, қазір театр басқарып отыр. Бүгінде ол ашқан «Қанаттылар» инклюзивті театрында көптеген ерекше жан қызмет етеді. Арнұр – қоғамдық істердің белсендісі әрі мотиватор. Күйбең тірліктегі ауыртпалықтарға, өмірдің қиын сәттеріне шыдас бермей сынып кетіп жатқандарды аяйтынын жасырмады.
«Ішетін адамдардан «берші қол-аяғыңд, қор қылмашы» деймін. Не дейін, араққа сылқия тойып алып, күнін өткізіп жатқандарға. Таңертең оянғанда жай ғана керіліп, бақайымды шықырлатып, созыла алсам соның өзі рахат емес пе? Сен ояндың, аяқ-қолың қозғалып тұр, соған риза бол! Қалғаны проблема емес. Сен төсектен тұрып, өз аяғыңмен жуынуға бардың, ваннадан шығып, келіп отырдың. Болды ғой, басқа не керегі бар? Ал мен тәуелді адаммын. Біреу киіндіріп, көмектесіп, отырғызады, бағыныштысың. Қарды басу, жай ғана жүру керемет емес пе?!», - дейді ол.
Арнұрдың ойынша күнделікті тірлік адамның шынайы бақытын бағалауына кедергі келтіреді. Мысалы несие, өзге де мәселелер көбіне көңіл аудартпайды. Сондықтан, әрқашан бір мезет тоқтап, айналаға бір қарап, өзің жүріп, өзің тұра алғаныңа шүкіршілік ету керек деген пікірде.
«Қазір әлеуметтік желіде «бақыттың кілтін, бақытты болудың себебін» үйретіп жатқандар бар. Олар көп дүние айтып жатады, бірақ бақыт деген – деннің саулығы. Мәселен, көзі көрмейтін адамдар бар. Олардың арманы – бір күні оянып, жап-жарық әлемді көріп кету. Мылқау жандар бар, бір күні сөйлеп кетіп, ішіндегі эмоциясын айқайлап жеткізгісі келеді. Көз, ауыз, аяқ-қол – ең бірінші байлық», - дейді Арнұр Ысқақ.