Тек қазақша жақсы сөйлесем болды! Басқасы қызықтырмайды! – деді ол
Бүгін АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында UFC 296 турнирі болды. Онда аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов ММА-да 18-ші кәсіпқой жекпе-жегін өткізіп, ал UFC-де алтыншы рет октагонға шығып, жеңіске жетті.
Қазақстан файтері екінші раундта америкалық Стивен Томпсонды қылқындыру әдісімен жеңді. Осы айқастан кейін Шавкат Рахмонов тілшілердің сұрақтарына жауап берді. Баспасөз мәслихатында ол «Неге осы сіз ана тіліңізде ғана сөйлей бересіз?» - деген сыңайдағы журналистердің сұрағына:
Мен басқа тілді білмегеніме ұялмаймын! Тек қазақша жақсы сөйлесем болды! Басқасы қызықтырмайды! Менің ана тілім – қазақ тілі! – деді ол.
40 жастағы америкалық спортшы Стивен Томпсон бүгінге дейін өзінің спорттық мансабында 24 рет октагонға шығып, 17 мәрте жеңіс тойын тойлаған. Ал Шавқат Рахмоновтың жүріп өткен жолы жанкүйерлердің көз алдында. 29 жастағы отандасымыз 2014 жылдан бері аралас жекпе-жекпен айналысып келеді. Осы уақыт аралығында 17 рет айқас алаңына шығып, барлық жекпе-жекті айқын басымдықпен жеңді. 8 қарсыласын мерзімінен бұрын тізе бүктірді. Бұл – Рахмоновтың 18-жеңісі.