«Орыс тілі қазақ тілімен бір статуста қалуы керек» - Олжас Сүлейменов
Ол тілге қатысты тағы мәлімдеме жасады

Жаңа «Қазақстан Халық Конгресі» партиясын құрып жатқан ақын және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов бүгінгі күннің өте өзекті мәселесін көтерді. Ол тілге қатысты тағы мәлімдеме жасады.
Ақын Алматы қаласында өткізген баспасөз мәслихатында «Қазақстан Халық Конгресі» партиясының қайта құрылғаны туралы хабарлап, жақын арада оның бастамашыл тобы тіркеуді бастау үшін құжаттарды Әділет министрлігіне жіберетінін айтқан соң, қоғамның өзекті мәселелерін атап айтты.
Жиында Олжас Сүлейменов болашақта Қазақстанда орыс тілінің статусы туралы мәселесі көтерілуі мүмкін екенін ескертіп, тіл мәселесіне келгенде Ата заңымызда орыс тілінің мемлекеттік тілмен қатар қолданылуы керектігін атап өтті.
«2014 жылы Украинаның дарынсыз басшылары украин тілін ғана заңды тіл деп жариялады. Орыс тілін заңсыз тіл деді. Сол себептен Украина шын мәніне келгенде мемлекеттігінен айырылып қалды. Сондықтан орыс тілі қазақ тілімен бір статуста қалуы керек. 2014 жылы орыс тілін статусынан айырған Украинада не болып жатқанын көріп отырсыздар ғой»,- деді О.Сүйлейменов.
Оның айтуынша, кінә соғыс ашқан Ресейде емес, орыс тілін тастап, украин тіліне біржолата көшкен Украинада.