×

Мемлекеттік наградаларымды Ақордаға қайтарып беремін – Мұхтар Тайжан

Мұхтар Тайжан Қызылағаш ауылында оққа ұшқан азаматтық белсендінің артында 4 баласы қалғанын айтты

 Халық үні 23.05.2022 | 15:56
коллаж: Halyq Uni

Қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан Қызылағаш ауылында болған қайғылы жағдайға тоқталып, оққа ұшқан азаматтық белсенді жайлы жазды. Оның ойынша, жер үлестіруге қатысты конкурс әділетсіз өткендіктен ауылдастар бір-біріне оқ атқан.

«Мен ол ауылда бірнеше рет болғанмын, ондағы тұрғындарды, жерге қатысты проблемаларды білемін. Халық үшін жер мәселесі әлі күнге дейін өзекті. Билік оны шешкен жоқ, барлық деңгейде құр сөз айтылып келеді. Халық билік өкілдерінің бәріне жүгініп, хат жазып, кездесу ұйымдастырып келеді. Бірақ жер мәселесіне қатысты халықтың шағымына президент Тоқаев та, оған қоса мемлекеттік хатшы Қарин де, Мәжіліс спикері Қошанов та, премьер Смайылов та құлақ аспай отыр. Міне, халық бірін-бірі ата бастады. Айналып келгенде, оның өлімі биліктің мойнында. Марқұмның артында 4 баласы қалды, оны атқан адамның да төрт баласы бар. Жер – бұл ауылда отбасын асырауға болатын жалғыз тетік», - деп жазды қоғам белсендісі.

Мұхтар Тайжан 2019 жылы Ұлттық сенім кеңесіне мүше болып тұрғанда президентті ғарыштық, цифрлық мониторинг енгізуге көндіргенін, сол үшін алғаш рет мемлекеттік награда (өз ойы – ред.) алғанын жазды.

2020 жылы ғарыштық мониторинг пилоттық жоба ретінде 4 облыста жүргізіліп, нәтижесінде пайдаланылмай жатқан 8 миллион гектар жер анықталып, оның 4 миллион гектары мемлекетке қайтарылған. 2020 жылдың соңында Мұхтар Тайжан кезекті мемлекеттік награда алған. Алайда, содан кейін ғарыштық, цифрлық мониторинг жұмысы тоқтаған.

«Әртүрлі сылтау ойлап тапты. Еске салайын, ғарыштық, цифрлық мониторинг жүргізуге мемлекет жылына ары кетсе 22 мың теңге жұмсайды. Бұл Астана мен Алматы арасындағы ұшақ билетінен арзан. Бірақ мәселе онда емес. Мен бұл наградаларды халық үшін атқарған пайдалы жұмысым үшін алдым деп ойладым. Бірақ жобаның тоқтап тұрғанына 1,5 жылдай уақыт өтті. Нәтиже жоқ, демек наградалар да босқа, лайықсыз берілген. Сол үшін наградаларымды алған жеріме – Ақордаға қайтарып беремін деп шештім. Алдағы күндері алған наградаларымды пошта арқылы жіберемін, сосын түбіртегін осында саламын. Халық еңбегімнің нәтижесін көрмесе, маған бұл наградалардың қажеті жоқ. Ал нәтиже болса, бәрімізге халық оның бағасын өзі береді. Мен үшін сол да жеткілікті», - деп жазды Мұхтар Тайжан.

Еске салайық, 22 мамыр кешкісін Алматы облысы, Ақсу ауданы, Қызылағаш ауылында жеке тұрғын үйдің ауласынан оқ тиген 35 жастағы ер адамның мәйіті табылды. Марқұм мен ұсталған күдікті соңғы жылдары азаматтық белсенді ретінде танылып, ауыл тұрғындарының мәселелерін айтып, жергілікті шаруаларға жайылымдық жер бөлуді талап етіп жүрген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама