Halyq Uni логотип
×

«Дүниеден өтсе де жеңімпаз болып шықты». Мәжіліс депутаты Болат Назарбаев араласқан істер жайлы айтты

Азат Перуашев депутаттық сауалын Бас прокурор Берік Асыловқа жолдады

 Дәурен Ерболат 13.12.2023 | 17:15
«Дүниеден өтсе де жеңімпаз болып шықты». Мәжіліс депутаты Болат Назарбаев араласқан істер жайлы айтты
Азат Перуашев, фото: inform.kz

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Қазақстанда шенеуніктер кәсіпкерлердің бизнесін тартып алудың жаңа әдісін ойлап тапқанын және марқұм Болат Назарбаевтың бизнестегі «былығын» айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Біздің шенеуніктер табысты бизнесті жоюдың немесе күшпен басып алудың жаңа әдістерін ойлап тауып жатыр. Мысалы, 2019 жылы Түркістан облысындағы «Алтын-Бұлақ» шипажайы қарамағындағы гольф клубын сатып алған СТС ЖШС көмек сұрады. Кәсіпорынның бұрынғы иесі бұл нысандарды 2017 жылы Қаржы министрлігінен ашық аукционында сатып алған.

Жаңа қожайындар шипажайды қайта жөндеуден өткізіп, оған 4,5 миллиард теңгеден аса қаржы құйған. Алайда былтыр аудандық жер қатынастары бөлімі Сарыағаш ауданы әкімдігінің 2003 жылғы (яғни 20 жылдан кейін!) санаторий, гольф клубы және іргелес резиденцияны салуға жер телімдерін бөлу туралы қаулысын жарамсыз деп тану жөнінде талап арызбен сотқа жүгінген, - деді Азат Перуашев.

Депутат кейін бұл іске марқұм Болат Назарбаевтың араласқанын айтты.

«(Көмек сұраған кәсіпкерлер – ред.) авторлардың айтуынша, шипажайдың жанындағы резиденцияны сатып алып, аудандық бөлім сотқа шағым түсіргеннен кейін оны Болат Назарбаев басқа ЖШС-ға сатып жіберген. Әдетте, өмірден қайтқан адамдарды сөз қылмайды. Бірақ бұл жерде біз оны айтуға мәжбүрміз.

2023 жылы соттар талап арызды қанағаттандырды. Осылайша, бизнестің жеке меншігін тәркілеп, ескіру мерзімін де, адал сатып алушының заңды құқығын да, заң алдындағы теңдік принципін де елемеді.

Алайда сот бір нысанға (2022 жылы Болат Назарбаев басқа ЖШС-ға шұғыл аударып жіберген резиденция) қатысты істі тоқтатып, бітімгерлік келісімді бекітті. Бұл ретте сот заң бұзылмаған деп санаса керек. Алайда, жер телімдерінің барлығы (санаторий, гольф-клуб пен резиденция үшін) бірыңғай тәртіппен бөлініп, құрылыстар салынды», - деді ол.

Азат Перуашевтің пікірінше, осылайша кәсіпорынды заңсыз жолмен басып алған.

Бұл әрекеттің бәрі «Ескі Қазақстанмен күрес» деген желеумен жүргізіліп жатыр. Бұрынғы дәуір символының бірі қайтыс болғаннан кейін де жеңімпаз болып шықты. Осылайша, нарық жағдайында жұмыс істеген адал кәсіпкер тағы да бизнесі мен құйған инвестициясынан айырылып отыр. Бұл біртүрлі қызық күрес болып тұр. «Ақ жол» фракциясы авторлардың уәжін мұқият зерделеу үшін кәсіпкерлердің өтінішін Бас прокурорға жолдайды, - деді депутат.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама