Ал Зеленский АҚШ-қа тағы да көмек сұрап барды
Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Алексей Данилов биыл маусым айының басында Ресей қарулы күштерінен елдің оңтүстік-шығыс облыстарын азат ету үшін басталған қарсы шабуылдың сәтсіз аяқталғанын мойындады.
Өкінішке қарай, Украинаның қарсы шабуылға деген үміті ақталмады. Бәрі біз ойлағандай болып жатқан жоқ. Жоспарымыз іске аспады. НАТО-ның қарсы шабуылға арналған оқулықтарының еш пайдасы жоқ екен. Соған көзіміз жетті. Украина әскері мінсіз емес. Бәріміз де пендеміз. Қателесеміз. Өмір бақи «үздік оқушы» болу мүмкін емес қой, – деді ол.
Дегенмен, оның айтуынша, жеңістен үміт үзбеу керек. Жеңіс Украинаның жағында болады. Ол үшін қарулы күштерге тағы көмек керек. Егер АҚШ Конгресі Украинаға тағы ақшалай көмек берсе, майдандағы жағдайды өзгертуге болады. Бірақ майданда жағдай өте қиын. Оған дәлел ретінде кеше Ресей әскерінің баллистикалық зымырандармен және дрондармен Киевке шабуыл жасағанын да айтуға болады.
Украина президенті Владимир Зеленский болса, АҚШ-тың астанасы – Вашингтон қаласына барды. Бұл – Ресей Украинаға қарсы соғыс бастағалы Зеленскийдің Атлант мұхитының ар жағындағы алып елге жасаған үшінші сапары.
Зеленский сапар аясында Ұлттық университетте сөз сөйледі. Ол АҚШ-тан көмек сұрап келгенін жасырмады.
Біз Ресейге берілмейміз. Соңына дейін соғысамыз. Өйткені біздің тәуелсіздігіміз, елдің азаттығы бәрінен қымбат. Келесі жылға жоспарымыз – жауды тас-талқан етіп, Берлин қабырғасы сияқты құлату, – деді ол.
Бүгін немесе ертең Зеленский АҚШ-тың президенті Джо Байденмен және өкілдер палатасының спикері Майк Джонсонмен кездеседі. Содан кейін ол АҚШ Сенатында сөз сөйлейді. Ол тағы да сенаторлардан Украинаға көмек сұрайтынын мәлімдеді. Айтуынша, егер көмек бермесе, АҚШ-тың дүниежүзіндегі абыройы айрандай төгіледі.