Рудныйдың мұғалімдері әріптестеріне араша сұрап отыр (ВИДЕО)

Дастан Жұмабекұлы

Олар мектеп мұғалімінің жазықсыз сотталғанын алға тартты

Фото: gov.kz

Рудный қаласында Міржақып Дулатұлы атындағы №15 мектептің мұғалімдері әріптестеріне араша сұрап, көпшілікке видеоүндеу жолдады.

Бейнеүндеуде бір топ мұғалім 26 жастағы Қайыржан Әлімбайдың жазықсыз 5 жылға сотталғанын айтып, оның босатылуын сұрады.

Олардың айтуынша, 2021 жылдың қараша айында Рудный-Қостанай тасжолында 3 адамның өмірін жалмаған жантүршігерлік жол апаты болған. Kia көлігі алдында келе жатқан «Жигулиді» басып озғысы келгенде жанай соғып, қарсы бағытқа шығып, басқа көлікпен бетпе-бет соқтығысқан. Апат салдарынан Kia-ға соғылған көліктегі 3 адам ауруханада көз жұмған.

Істі қарау ұзаққа созылды. Бір жыл тергеу болды. Бір жыл сот процесі жүрді. Ақыры артынан келіп соққан Kia-ның емес, алдында өз жолымен келе жатқан «Жигулидің» жүргізушісі кінәлі болып шықты. Осылайша, Рудный қаласындағы №15 мектептің мұғалімі – 26 жастағы Қайыржан Маратұлы Әлімбай айыпты деп танылып, сот үкімімен 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім 2023 жылдың қазанында шықты, – деді мұғалімдердің бірі.

Қорғаушы тарап та соттың үкімін әділетсіз деп есептейді.

Себебі сот процесінде бастапқы тергеудің өзінде заңсыздықтар болғаны дәлелденді. Бар айыптау дәйектері жеке сарапшының сараптамасына сүйеніп жасалды. Бұл сараптаманың күмәнді тұстарын көрсетіп берсек те сот біздің уәжімізді назарға алмады, – дейді қорғаушы жақ.

Жәбірленушілердің де пікірі осыған саяды. Мысалы, сот процестерінің бірінде адамдары қаза тапқан көлікте болған Дастан Қасеновтің айтуынша, сот көлікті соққан адамды жәбірленуші етіп қойған.

Бізді соққан адамды жәбірленуші қылып қойды. Негізі соққанын мен көзіммен көрдім. Жаңағы машинада туыстарым қайтқан, мен тірі қалдым, рөлде болдым. Біз қаншама шағымдандық, оған судья мән бермейді. Қаншама құқығымыз бұзылып жатыр, – дейді жүргізуші.

Еркінен тыс қылмыскер атанып, 5 жыл бас бостандығынан айрылған Қайыржан Әлімбайдың әріптестері оның кінәлі екеніне сенбейді. Қорғаушылары аппеляцияға берген облыстық соттан әділ шешім күтеді. Осылайша, ұстаздар қауымы өздерінің қолдау сөзін бейнеүндеу ретінде жазып отыр.