Бақытжан Базарбек: «Үкімет қауқарсыз: әрбір екінші қазақстандық сусыз қала ма?»
Депутат суды үнемдемейтін қазақстандықтарды қатаң жазалауды ұсынды
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек қазақстандықтарды суды үнемдеп үйренуді қазірден керектігін айтып, бұл талапқа бағынбағандарды қатаң жазаға тартуды ұсынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Депутаттың пікірінше, бүгінде суды тиімді пайдалану – барынша үнемдеу өте өзекті.
Әріптестер, дабыл қағатын уақыт келді. 2040 жылы елімізде су тапшылығы 15 млрд текше метр болады. Бұл шамамен Арал теңізіне пара-пар су. Ойлап қараңыздаршы, Қазақстанда таза ауыз су ретінде пайдаланатын судың көлемі кемі 50%-ға азаяды. Сонда әрбір екінші қазақстандық ауыз сусыз қалады деген сөз емес пе?! Ал адам сусыз 3 күн ғана өмір сүретін білесіздер. Бұл – өте қауіпті, - деді Бақытжан Базарбек.
Бақытжан Базарбектің айтуынша, қазақ даласы көктемде көлге айналса, жазда шөлге айналады. Ал қазіргі үкімет мәселені шешуге қауқарсыз.
- Бұл мәселе жыл сайын қайталанып отырса да, әлі күнге дейін шешілер емес. Табиғаттың бізге берген ресурсын құмға құйып жатырмыз. Мәселен, Кеңес кезінде әрбір совхоз жауын-шашын мен қар суын жинайтын. Шағын су қоймалары болатын. Оның бәрі – ішкі су қорымыз.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тапшылығы мәселесін дер кезінде көтеріп, арнайы 20 жаңа бөген салу мен 3,5 мың шақырымдық каналды жаңғыртуды тапсырды.
Бірақ бүгінгі үкіметтің салғырт әрі баяу қимылынан жақын арада Қазақстандағы су тапшылығы мәселесі шешімін таппайтындай көрінеді, - деді депутат.
Депутат көтерген мәселесіне қатысты бірнеше дәлел келтірді.
- Ресми деректер бойынша, Қазақстанда 1478 гидротехникалық құрылғы бар. Оның ішінде 342 су қоймасы, 219 дамба, 119 су торабы, 313 тоған бар. Олардың 333-і республика меншігінде, 895-і коммуналдық меншікте, ал ең қызығы 228-і жеке меншікте болса, 22-і иесіз екен.
Су қоймалары – ең басты стратегиялық нысан. Сондықтан еліміздегі мұндай маңызды су сақтау нысандарының көпшілігінің жекелешеленіп кеткені бізді қатты алаңдатады.
Су қоймалары мен көлдердің қожайындарының не істеп, не қойып жатқаны белгісіз. Олардың қаншалықты тозығы жетіп тұр, оны нығайту бойынша қандай шаралар қолға алынған, ол жағы да беймәлім.
Жеке меншіктегі нысан болғаннан кейін оның аумағына ешкім бас сұқпайды. Олар мемлекеттік бақылаудан да тыс қалып жатыр.
Тіпті, табиғи жолмен қалыптасқан көлдер жер телімі ретінде беріліп кеткен. Қожайындары көлдерді қоршап, халықтың наразылығын тудыруда. Бұл жағдай кемінде 5-6 облыста кездесетін жайт.
Сондықтан еліміздегі осындай нысандарға толықтай түгендеп, жай-күйін нақтылау керек. Қажет болса, оларды тез арада мемлекет меншігіне қайтару – кезек күттірмес іс, - деді Бақытжан Базарбек.
Сондай-ақ депутат каналдарды да тексеруді ұсынды.
- Су пайдаланудағы келесі бір маңызды нысан – каналдар. Елімізде шамамен 3,5 мыңдай магистралдық және шаруашылық каналы бар. Олардың жартысынан астамының әбден тозығы жеткен. Соның салдарынан 60% су құрдымға кетіп жатыр. Бұл – үлкен шығын. Демек, бар судың өзін ысырап етіп, дұрыс пайдалана алмай отырмыз. Нағыз үнемдеу осы жерде.
Жалпы каналдардың кімнің иелігіндегі екені де анық емес. Судың сұрауын жоқтайтын кез жетті. Қасым-Жомарт Кемелұлының осыған ерекше назар аударып, каналдарға қатысты берген тапсырмасы өте орынды. Оны толық қолдаймын, - деді депутат.
Бақытжан Базарбек осы мәселе бойынша AMANAT партиясы жанынан арнайы комиссия құруды ұсынды.
Партияның «Жер аманаты» аясында жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтарудағы табанды іс-әрекеті көпке белгілі. Осы тәжірибені каналдарға қатысты да қолдануға әбден болады.
Әріптестер, сіздерді осы ұсынысты қолдауға шақырамын, - деді Бақытжан Базарбек.
Сөз соңында депутат аталған мәселелердің маңызын ескеріп, келесі шараларды қолға алуды ұсынды:
- Еліміздегі жеке меншікке өтіп, бірақ қараусыз қалған, жұмыстары үйлестірілмеген су қоймаларын, дамбаларды, көлдерді, бөгендерді және тағы да басқа стратегиялық маңызды су нысандарын мемлекет балансына қайтару шараларын қолға алу;
- Су ресурстарын ұтымды пайдалану маңызды. Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол беріп, талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылуға тиіс деп есептеймін.